“Тозып бітті“. Алматы облысының тұрғындары су арнасына зәру

“Тозып бітті“. Алматы облысының тұрғындары су арнасына зәру
Фото: Massaget.kz

Алматы облысы Қарасай ауданындағы 13 шақырымдық Ыстыбай су арнасы әбден тозды. Тұрар мен Үштерек ауылдарында қарасты егістік сумен қамтамасыз ететін бетонды арна әр жерден бұзылып, күл-қоқысқа толып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасантоғаннан бастау алатын арна Кеңес заманында салынды. Жаз айларында арпа, бидай, жүгері мен майбұршақ алқаптары осы арнамен суғарылатын. Ол заман келмеске кеткендей. Соңғы рет тоған 15 жыл бұрын тазартылған. Содан бері ешқандай жұмыс атқарылмаған. Қазір тоған тартылды. Ал бетонды арна әр тұстан үгітіліп, қирап тұр. Жергілікті тұрғын Нағиза Байқожаеваның айтуынша, арна бойындағы 20-ға жуық тер телімі заңсыз сатылып кеткен.

"Ауылымыз көркейсе, гүлденсе екен дейміз. Бірақ су болмаса қалай гүлденеді? Арнаның түрін көріп шошисыз. Сынған, тесілген, қоқысқа толы. 2020 жылы әкімдік каналды жасаймыз деді. Бірақ ешқандай жұмыс істелмеді. Жер телімдері бей-берекет беріліп, саудаланды. Канал бойында автокөлік жуатын коммерциялық нысан салынды. Иесі жердің заңсыз екенін білген жоқпын деп ақталады. Мүмкін расымен білмеген шығар. Сонда да бұл жергілікті әкімдіктің қателігі екені рас. Бұған енді кім жауап береді?", - дейді зейнеткер.

Арна жолындағы нысан 2 жыл бұрын салыныпты. Оның қаншалықты заңды екені белгісіз. Бірақ тұрғындардың айтуынша, қазір бұл мәселе азаматтық сотта қаралып жатыр. Бұдан бөлек, арна бойындағы жер телімдеріне қатысты сұрақ көп. Жаңа үйлер салынып, ауыл үлкейді. Ал "қызыл сызық" бойындағы бірқатар жер заңсыз сатылған.

"Автокөлік жуу, жөндейтін орталық салынарда қарсы болдық. Иесі әкімдіктен алған рұқсатым бар деді. Бірақ әкімдік оған қалайша рұқсат бергені түсініксіз. Өйткені ғимарат тура каналдың жолында тұрғызылды. Іс сот қарауына жіберілгенін естідік. Соған қарамастан иесі құрылысты жалғастырып жатыр. Бұны қалай түсінуге болады?", - дейді Тұрар ауылының тұрғыны Сәуле Тоқбаева.

Оның сөзінше, Ыстыбай су арнасын қайта қалыпқа келтіру үшін 2020 жылы бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлінген. Бірақ белгісіз себептермен жұмыс басталмаған. Су болмағандықтан жылда көкөніс егетін шағын шаруа қожалықтары алқаптарын суғара алмай отыр. 

Ал әкімдік қайта тексеріс жұмысы басталады деп қысқа қайырды. 

"Жер телімдерінің заңды не заңсыз берілуіне қатысты арнайы комиссия құрылады. Тексеріс жүргізіледі. Содан кейін ғана тозған тоғанды қалыпқа келтіру мәселесі қаралады", - дейді Қарасай ауданы Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Дидар Нұрақынов.

Саламат Сабыр

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz