Тойхана, сауда орталығы деп көрсетілген: жекеменшік мектептерге қатысты заңсыздық әшкере болды

Тойхана, сауда орталығы деп көрсетілген: жекеменшік мектептерге қатысты заңсыздық әшкере болды
Фото: depositphotos.com

Премьер-министр Олжас Бектенов халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жиында білім беру саласын қаржыландыруға қатысты мәселелер қаралды. Бұған дейін "Қаржы орталығы" АҚ Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына берілген болатын.

Қаржы министрі Мәди Такиев атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерді қаржыландыруда өрескел заңбұзушылықтар анықтаған.

"745 мекеменің 155-і алған кірісін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30%-ы өз қызмет түрі бойынша бекітілген мақсаттарына сай емес. Мәселен Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірі тойхана ретінде, Шымкентте сауда орталығы және тағы басқа деп көрсетілген. 64 мектепте білім алушылар жобалық қуатынан 2 есе артық. Мысалы Алматы облысында орналасқан, 60 адамға есептелген жекеменшік мектептердің біріне 702 оқушы қабылданған", - деп жазылған хабарламада.

Астана қаласындағы 241 оқушыға арналған жекеменшік мектептің құжаттарында 1003 адам көрсетілген. Сонымен қатар, жекеменшік мектептерде жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру деректері анықталған.

"Жүргізілген тексеріс жекеменшік мектептерді қаржыландыруда көптеген заңбұзушылықты анықтады. Шындығында, мемлекет жоқ оқушылар үшін жиі ақша төлейтінін көріп отырмыз. Бұл нарықта тұтастай заңсыз индустрия қалыптасты. Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігі келесі қаржыландыру жылынан бастап бұл салада толықтай тәртіп орнатуы керек. Бірде-бір мемлекеттік қаржы шенеуніктердің қалтасына түсіп, ысырап болмауы қажет", - деді Олжас Бектенов.

Жиын қорытындысы бойынша премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Оқу-ағарту министрліктеріне, сондай-ақ, өңірлердің әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget