Тойдан кейін ойыңыз өзгерсе: тегіңізді қалай ауыстыруға болады?

Тойдан кейін ойыңыз өзгерсе: тегіңізді қалай ауыстыруға болады?
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда ерлі-зайыптылар некеге тұрған кезде ғана емес, арада бірнеше жыл, тіпті ондаған жыл өтсе де, бірінің тегіне бірі ауыса алады. Ол үшін қайда жүгіну керек, қанша уақыт кетеді және қандай құжаттарды ауыстыру қажет? Әділет министрлігі мен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Некеге тұрған кезде ерлі-зайыптылар ортақ текті таңдай алады, әрқайсы өз тегін сақтап қала алады немесе жұбайының тегін өз тегіне қосуына болады. Алайда неке қиылған күні қабылданған шешімді кейін өзгертуге еш кедергі жоқ.

Тойдан кейін бірнеше жыл өтсе де, тегін өзгертуге бола ма?

Иә, болады. Мысалы, әйел некеге тұрған кезде өз тегін сақтап қалып, арада 5, 10 немесе 20 жыл өткен соң күйеуінің тегіне ауысқысы келсе, заң бұған мүмкіндік береді.

Әділет министрлігінің түсіндіруінше, некеге тұрғаннан кейін тегін өзгертуге өтініш берудің нақты мерзімі белгіленбеген.

"Заңда азаматтың некеге тұрғаннан кейін тегін өзгерту үшін қанша уақыт ішінде өтініш беруі керегі көрсетілмеген. Сондықтан арада бірнеше ай, жыл немесе ондаған жыл өтсе де, тегін өзгертуге өтініш беруге болады", – деп жауап берді министрлік Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына.

Дегенмен некеге тұрған кезде тегін ауыстыру мен бірнеше жылдан кейін өзгерту тәртібі бірдей емес. Кейін тегін өзгерткісі келген адам бөлек өтініш беріп, заңда көрсетілген негіздердің бірін ұсынуы керек.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, мұндай негіздердің бірі – некеге тұрған кезде әрқайсысы өз тегін сақтап қалған ерлі-зайыптылардың кейін ортақ текке көшуді қалауы.

Қайда жүгіну керек және қандай құжаттар қажет?

Тегін өзгерткісі келген адам тіркеуші органға өзі өтініш беруі керек. Ол үшін некесі қай жерде тіркелгеніне қарамастан, Қазақстандағы кез келген тіркеуші органға жүгіне алады.

Өтініште қандай текке ауысқысы келетінін және оны өзгерту себебін көрсету қажет.

Сондай-ақ, жеке басын куәландыратын құжат, некеге тұрғаны туралы мәліметтер және белгіленген тіркеу алымының төленгенін растайтын құжат қажет болады.

Өтініш 5 жұмыс күні ішінде қаралады.

Рәсім аяқталған соң азаматқа неке қию туралы жаңартылған куәлік беріледі.

Жеке куәлікті бірден ауыстыруға бола ма?

Жоқ. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының түсіндіруінше, тегін өзгерту мен жаңа жеке куәлік алу – екі бөлек мемлекеттік қызмет.

Алдымен тегін өзгерту рәсімін толық аяқтау қажет. Содан кейін жаңа тегі көрсетілген жеке куәлікті рәсімдеу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына қайта жүгіну керек.

Яғни бір ғана өтініш беріп, тегін өзгерту мен жаңа жеке куәлік алуды қатар рәсімдеу мүмкін емес.

Тегін өзгерткенде ЖСН де ауыса ма?

Жоқ. Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, азамат тегін өзгерткен күннің өзінде оның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) сол күйінде қалады.

Тойдан кейін тегін өзгерту қанша тұрады?

2026 жылы Қазақстанда некені тіркеу 3 450 теңге тұрады. Егер адам тегін үйлену тойынан кейін өзгертуді шешсе, неке туралы жазбаға өзгерістер енгізу үшін 1 725 теңге.

Жаңа жеке куәлікті рәсімдеу бөлек төленеді — 2026 жылы 865 теңге (0,2 АЕК).

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget