Шоу-бизнес өкілдерінің негізгі кәсібінің бірі той бизнес екені белгілі. Әнші, актерлер халықтың тойында да, өздерінің қуаныштарында да бірден көзге түседі. Ал тойда жағымсыз жайт бола қалса, сол ақпарат тез тарап жатады. Massaget.kz тілшісі тойда ыңғайсыз жағдайға тап болған, халық талқысына түскен танымал адамдар кімдер екеніне шолу жасады.
Тойда төбелескен әнші
Желіде бұған дейін "Чип-чип" әнінің орындаушысы Асхат Тарғын тойда ыңғайсыз жағдайға тап болғаны туралы ақпарат тараған еді.
Stan.kz мәліметінше, әнші Асхат Тарғын мен асаба әрі әнші Айбек Қоңырбаев той үстінде дауласып қалған. Видеода асаба Асхат Тарғынды итеріп жіберетіні, әнші де тыныш қалмай, кері жауап қайтаратыны көрінеді. Кейін жанында тұрғандар оларды ажыратып жатады.
Алайда Желі қолданушыларының бір бөлігі бұл әдейі ойластырылған көрініс деп сенбейтінін жазған.
"Бұл қойылым екені түсінікті", "Өтірік, ешқашан тамадалар микрофонды олай жерге қоймайды. Дайындалған секілді болып көрініп тұр", "Бұл пиар", - деген пікір жазғандар.
Тойда "сүйіскен" актерлер
Желіні шулатқан тағы бір оқиға тойда актер Шерхан Пірназаровтың белгісіз ер адамның ернінен сүйген әрекеті болған еді. Бұл жайт KeshYou тобының экс-мүшесі Ақбота Сейітмағамбеттің 25 жасқа толған туған күнінде болған.
Kznews.kz сайты актердің өзімен тілдескен. Өнер иесінің сөзінше, видеоны блогер Baha Puper жариялап жіберген.
"Мен халықтың алдында ақталғым келмейді. Өйткені тағы да ақталып жатыр, кінәсі бар деп ойлауы мүмкін. Мен тек бар шындықты айтқым келеді. Сол кеште командалық ойын болды. Біздің топ жеңіске жетті. Сол сәтте қуанғаннан барып бетінен сүйдім. Ал біздің блогерлер басқаша ракурстан түсіріп, желіге салған. Негізі, хайп қууды тоқтату керек деп ойлаймын. Мен сондай хайптың құрбаны болып отырмын. Baha Puper хабарласып, кешірім сұрады. Өткен нәрсеге мен не істей аламын?" - деген ол басылымға.
Актер бұл жағдай отбасына қиын болғанын жеткізген.
"Тойдағы қонақтар, достарым, әріптестерім біледі, мен отбасылы адаммын. Құдай сақтасын, ел айтып жатқан адам емеспін. Кішкентай қызым бар, жақында екінші сәбиіміз дүниеге келеді. Мұндай дау отбасыма да оңай тиіп жатқан жоқ. ...Адамның тағдырымен ойнамаңыздар. Адамның психикасына кері әсер етуде мұның барлығы. Күнде желіні ашсам, мені жерден алып, жерге салып жатыр…" - деп ашынған актер.
Тойда шалқасынан құлаған актер
Тойда шоу-бизнес өкілдері бастан өткізген ыңғайсыз жағдайлар легі мұнымен бітпейді. Шоумен әрі әзілкеш Қайрат Әділгерей тойлардың бірінде шалқасынан құлап қалған. Оқиғаның видеосы YouTube желісінде жарияланған.
Желі қолданушылары бұл оқиға күлкіге қарқ қылғанын жазған.
"Көңілі жас адам, не істесеңіз де сізге бәрі жарасады, бір жағынан көңілді...", "Қайта-қайта көріп күлкіге қарқ болдық", "Бәріміздің есімізде қалатын болды", - деп жазған пікір білдірушілер.
Микрофоны істемей қалған әнші
Тойды бизнеске айналдырғандардың қатарында Қайрат Нұртас та бар. Тойлардың бірінде әншінің микрофонында ақау шыққан. Видеодан оның белгісіз біреулерге микрофонын көрсетіп, белгі беріп жатқаны көрінеді.
Ал Желі қолданушылары артынан естіліп тұрған музыкаға "фонограмма" деп шүйліккен.
"Е, бұған бәрібір, тіпті ұялмайды да", "Ұят жоқ қой!" - деген Желідегілер.
Бидің түбін түсірген әнші
Әнші Қарақат Әбілдинаның тойлардың бірінде билеген биі Желіде қызу талқыға түскен еді. Видеодан әнші "Кластастар қайда?" деген әнге билеп жүргені көрінеді.
Жұлқына билеген әншінің әрекетін Желі қолданушыларының басым бөлігі жақтап шыққан. Олар бұл қимылдар әншіге жарасатынын айтқан. Бірақ сынағандар да табылған.
"Өзіне жарасып-ақ тұр. Бір мезгіл осылай билеп алған да жақсы", "Жарасып тұр. Қандай сұлу, ерке қыз", "Жолдасы қалай осылай билеуге рұқсат береді? Сонша құтырып", "Күшті билейді екенсің, Қарақат, əдемі жарасып тұр, бəрі бір-біріне сай", - дейді пікір жазғандар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!