- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- «Той Қазан-2015» фестивалінде...
«Той Қазан-2015» фестивалінде «КітапFest» өтеді
Қазақстандағы франчайзинг ассоциациясының вице-басшысы Бекнұр Қисықов фэйсбуктегі парақшасында 19 қыркүйек күні болатын «Той қазан» ұлттық тағамдар фестивалінде «КітапFest Алматы» фестивалі ұйымдастырылатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Той Қазан-2015» шарасында кітап фестивалі өтеді. Жазушыларымыздың кітаптары сатылады. Қонақтар Аян Құдайқұлова, Қанат Тасыбеков, Айжан Хамит, Қазыбек Бейсебаев, Мәди Раимов сияқты жазушылармен кездеседі. Сүйікті фестивалімізді мәдениетті деңгейде өткізейік. Конкурс жеңімпаздары билеттерін алып кетуі үшін маған хабарлассын. Билеттеріңізді Көктем-1, Хамит Ерғали жағалауынан 24.00-ге дейін алып кете аласыздар», - деп хабарлады Бекнұр Қисықов.
Аян Құдайқұлова – «Сумочка от Коко», «Колечко с сердоликом» және «Эйфелева башня» атты үш кітаптың авторы. Өз кітаптарында Аян бірнеше әйелге үйлену тақырыбын қозғап, дәстүрді саралайды. Оның еңбектері қоғамда үлкен талқыға айналып, біраз сыналған еді.
Қанат Тасыбеков – мамандығы бойынша жылқыларды спортқа үйретіп, дайындайды. Тасыбеков қазақ тілін меңгерудің тез әдісін ойлап тауып, «Ситуативный казахский» атты еңбек жазды. Бұл кітап 10 мыңдық таралыммен басылды. Қанат Тасыбеков 50 жасқа келгенде қазақ тілін меңгеріп, өз тәжірибесін кітап етіп шығаруды жөн көрді.
Айжан Хамит – қазақ тарихының дамуына үлес қосып жүрген жас мамандардың бірі. Айжан – атақты ақын Хамит Ерғалидің немересі. Айжан қазақ мәдениетінің тұлғалары жайында жазады. Еліміздің дәстүрлері мен мәдениетіне аса көңіл бөледі. Оқырмандарына қазақтың классикалық туындыларын қайта оқуды насихаттайды.
Қазыбек Бейсебаев саяси тақырыпта блог жазады. Бұған дейін студенттер кәсіпкерлік комитетінің басшысы болған. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы мен Қазақстанның театр қызметкерлері бірлестігінде халықаралық байланыс қызметіне жауап берді.
Мәди Раимов кезінде КВН ойыншысы ретінде танылған. Ол «Жастар таңдауы» бірлестігінің басшысы ретінде халыққа белгілі. 2011 жылы «Последний оплот тюрков» атты кітабын бастырды.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың 19 қыркүйегінде Алматының Талғар ауданындағы "Алатау" шаңғы-биатлон кешенінде «Той қазан-2015» атты үлкен ұлттық тағамдар фестивалі өтеді. Ауқымды шараның ұйымдастырушылары Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілін олардың ұлттық тағамдары арқылы біріктіруді мақсат етіп отыр. Биылғы фестиваль Қазақ хандығының 550 жылдығы, ҚР Конституциясының 20 жылдығы мен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына арналған.
Ф. Абилова