- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Той аяғы қылмысқа...
"Той аяғы қылмысқа ұласқан". Ақмола облысында жантүршігерлік жайт болды
Ақмола облысында ер адам танысын атып өлтірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 18 шілдеге қараған түні Целиноград ауданы Қаратомар ауылында болған. Таңғы сағат 08.40 шамасында жергілікті Полиция бөліміне елордадағы ауруханалардың бірінде 36 жастағы ер адам қаза болғаны туралы хабарлама келіп түскен. Марқұм Қаратомар тұрғыны болған.
Бұл дерек бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі "Кісі өлтіру" бойынша соталды тергеуді бастады. Жедел уәкілдер күдікті Нұр-Сұлтанның 51 жастағы тұрғыны екенін анықтаған. Әрі ол марқұмның танысы болған.
Полицейлер тергеу барысында 18 шілдеде ер адамдар бір іс-шарада кездескенін анықтаған. Той Қаратомар ауылында жалғасқан. Түнге дейін созылған басқосу жанжалға ұласқан. Жанжал кезінде күдікті осы елді мекенде жалға алынған үйде сақталған мылтықты алып, танысына оқ атқан.
Дәрігерлер ер адамды құтқара алмаған, ол алған жарақаттарынан жансақтау бөлімінде қаза болған. Қазір осы дерек бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Полицейлер МР-153 мылтығын тәркілеген. Ал айыпталушы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Ж. Қадыржанова