Танымал әнші, композитор Өктем Алтаев Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында әртістерді "той әншісі" деп бөлетіндерге жауап берді.
Өнер иесі ең алдымен "той әндері" жеке жанр болып қалыптасқанын айтты.
"Өнерде, әсіресе ән өнерінде түрлі жанр бар. Жанрдың өзіндік орындалатын ортасы болады. Сондықтан, қазіргі таңда "той әні" деген жанр қалыптасты. "Оны қалыптастырған адамдардың қатарында мен де бармын" деп кеудемді керіп айтсам да болады. Бірақ мен мұндай менменшілдіктен аулақпын. Мен "той әндері" жанрының қалыптасуына қызмет еткен адаммын, мен оған бар күшімді салдым. Кезінде біз шетелдің ырғақты әндеріне билейтін едік, ал қазақ әндері тек дастарқан басында, тойбастар келгенде айтылатын еді. Қазіргі заманауи той жанрын қалыптастырған бірден-бір адам өзім деп есептеймін. Оған ешқандай да намыстанудың қажеті жоқ", - деді ол.
Ол сонымен қатар әртістерді "той әншісі" деп бөлетіндерге жауап берді.
"Бүгінде біздің қоғам, музыка мамандары, зерттеушілері той әндері деген жанрды миларында қалыптастырып, әлі қабылдай алмай жатыр. Негізі бұл олар қаласа да, қаламаса да қалыптасады, өйткені жанр қатарына уақыт талабына сай толығып отырады. Мысалы, джаз, рок, поп, рэп. Кезінде халық әндерінен кейін шыққан түрлі жанрдағы әндер біршама уақыт қабылданбады. Оларды миды ашытады, шулы деді. Бірақ олар қазір жанр болып қалыптасты. "Той әндері жанр емес" деген көзқарастағы адамдар қаласа да, қаламаса да, ол жанр болып қала береді. Әншілер де, халық та мұның табыс көзі екенін біледі. Халық той әндерін іздейді, сондықтан менің оған қарсылығым жоқ. Қайта той әншісі болғаныңмен мақтану қажет. Мысалы, француздардың шансон стильі бар. Бұл көшеде жүрген, музыкаға еш қатысы жоқ, білімі жоқ, аузында темекі, қолында гитара, бұзақылардың әндері. Сол секілді қазақтың той әндерін шансонға теңеуге болады", - деді ол.
Осы тұста Өктем Алтаев той әндері секілді көңілді музыка ұзақ жол жүретін жүргізушілерге серік болатынын айтты.
"Оған қоса, ұзақ сапарда жүретін, бір қаладан екінші қалаға, бір елден екінші елге жол жүретін адамға той әндері серік болады. Мұндай әндерде еркіндік бар, ешқандай шектеу, жасандылық жоқ. Ешбір жүргізуші сахна әндерін жолда тыңдамайды, өйткені мұндай мағыналы, салиқалы әндерді тыңдап отырып, терең ойға батуы мүмкін. Бұл өте қауіпті. Той әндері көңіл-күйді көтереді, сондықтан көлікте соны тыңдаған дұрыс", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!