Бауыржан Сыздықов төтенше жағдайлар вице-министрі қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Бауыржан Мәдиұлы Сыздықов басқа қызметке ауысуына байланысты төтенше жағдайлар вице-министрі қызметінен босатылды", - делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сыздықов бұл қызметті 2023 жылғы кыркүйектен бері атқарды.
Бауыржан Сыздықов 1973 жылы дүниеге келген. Екі мамандық бойынша білім алған. Бірінші - гигиенашы-эпидемиолог дәрігер. Екінші - командалық-штабтық жедел-тактикалық азаматтық қорғау мамандығы бойынша басқару саласының маманы, сонымен қатар құқықтану магистрі дәрежесі бар.
2001 жылдан бастап төтенше жағдайлар құрылымдарында жұмыс істейді. 2020 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы тамызға дейін Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетін басқарды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!