- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Төтенше жағдай режимінде...
Төтенше жағдай режимінде еңбек процесіне қандай өзгеріс енді?
Бүгін, 18 наурызда Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов пен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова төтенше жағдай режиміндегі мемлекеттік қызметкерлер мен жеке меншік кәсіпорындардағы еңбек мәселесі тақырыбында брифинг өткізді. Massaget.kz брифингіде айтылған мәселелерді жинақтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимінде қоғамның тіршілігін қамтамасыз ететін, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті бақылайтын мекемелерден, жекелеген БАҚ-тан өзге мемлекеттік, квазимемсектор қызметшілерінің 70 процентін қашықтан жұмыс істеуге көшірген жөн деп тапсырма берді. Осыған байланысты мемлекеттік қызметкерлер де қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылды.
Анар Жайылғанова мемлекеттік органдарды мемқызметкерлердің міндетін толық орындау қабілетін және денсаулығын барынша сақтауға мүмкіндік беретін жағдай жасауға шақырды. Ол мемлекеттік аппараттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында мынадай шаралар қолдануды ұсынды:
1) Мерзімдік, қысқартылған және қашықтан істелетін жұмыс графигін енгізу. Мемлекеттік органдар мемқызметкерлердің еңбек процесін мына категориялар бойынша еңбек заңнамасындағы еңбек шарты мен жағдайын орындай отырып ұйымдастыруы керек:
– Мекемеде міндетті түрде болуы тиіс қызметкерлер (олардың жұмыс графигін қысқарту шарасын да қарастыру қажет;
– Қашықтан жұмыс істейтін мемқызметкерлер;
– Еңбек демалысындағы қызметкерлер.
Қашықтан жұмыс істеу режиміне ауысқан мемлекеттік қызметкерлер тұрғылықты жерінде болып, өз қаласынан және елді мекенінен басқа ешқайда кетпеуге шақырылды. Қызмет міндетін орындай отырып, режим талаптарын барынша сақтау қажет екенін еске салды агенттік төрайымы.
2) Жұмыс кезінде қызметкерлер келіссөз бен жиналыстарды онлайн өткізгені жөн.
3) Орган басшыларына ағымдағы тапсырмалардың орындалу мерзімін қайта қарауға ұсынылды. Төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік қызметкерлердің тапсырмасын тоқтата тұруға немесе шегеруге шақырды.
«Мемлекеттік емес және жеке кәсіпорындар, ұйымдар да қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшуі керек»
Министр Біржан Нұрымбетов Қазақстандағы төтенше жағдай режимі мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы карантин кәсіпорындардың, ұйымдардың жұмыс тәртібіне, қызметкерлердің жұмыс процесіне әсер ететін айтып, еңбек қатынастарына қатысты бірқатар түсініктеме берді:
«Біріншіден, барлық ұйым, мекеме, мүмкіндігінше, жұмысшыларын қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыруы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік ұйым қызметкерлерінің 70 процентін қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыруға тапсырма берді. Өзге мемлекеттік емес және жеке кәсіпорындар, ұйымдар да осы тәртіпке көшуі керек. Бұл жұмыс тәртібі Еңбек кодексінің 138-бабымен реттеледі. Мекеменің, ұйымның басшысы бұйрық шығарады және жалақы төлеу тәртібі өзгермейді.
Егер мемлекеттік емес және жеке кәсіпорындар, ұйымдардың жұмысшыларды қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыруға мүмкіндігі болмаса, жұмыс беруші өз тарапынан қысқартылған жұмыс уақытын белгілеуге құқылы. Бұл жағдай Еңбек кодексінің 70-бабымен реттеледі. Жұмыс беруші апта ішінде жұмыс күнін немесе бір күнгі жұмыс сағатын азайтуына болады. Бұл ретте жұмыс істеп жүрген азамат жалақыны сол жұмыс істеген сағатына байланысты алады», - деді Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар министр жұмысын мүлде тоқтатқан ұйым-мекемелер жұмысшыларына Қазақстандағы ең төменгі жалақыдан аз емес айлық төлеуге міндетті екенін еске салды. Қазақстандағы ең төменгі жалақы көлемі – 42 500 теңге.
Қашықтан жұмыс істеу жұмысшылардың жалақысына әсер ете ме?
Министр Нұрымбетов қашықтан жұмыс істеу режимі жалақыға еш әсер етпейтінін айтты. Бұл мемлекеттік органдарға да, жекеменшік кәсіпорындарға да қатысты.
Министр жұмысшыларды еңбек демалысына жіберуге шақырды
«Кез келген азамат жылына бір рет ақылы еңбек демалысына шығады. Ол кесте бойынша жасалады. Еңбек кодексіне сай, ол кестеден де тыс берілуі мүмкін. Сондықтан барлық жұмыс берушілерді мүмкін болса, жұмысшылардың жұмыс орнын сақтау және табысын сақтау мақсатында жұмысшыларды ақылы еңбек демалысына жіберуге шақырамыз. Бұл, әсіресе, үйде бала қарап отырған ата-аналарға қатысты. Еңбек демалысына шығу екі жақтың келісімімен жасалады. Оған келісу-келіспеу жұмысшының құқығы», - деді министр.
Балабақша қызметкерлері ақылы еңбек демалысына шықпақ
«Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында балабақшалар уақытша жабылғандықтан Білім және ғылым министрлігіне балабақша қызметкерлерін ақылы еңбек демалысына шығуын қамтамасыз етсін деген талап қойдық. Біз барлық жекеменшік балабақшаларды да осындай шара қолдануға шақырамыз», - деді министр.
Жоғарыда аталған шараларды қолдануға мүмкіндік болмаса, жеке кәсіпкерлер жұмысшыларды қысқартуы мүмкін. Бұл жағдайда біздің ескертетініміз – еңбек заңнамасы бойынша, егер жұмыс беруші өз қызметкерін қысқартатын болса, ол туралы жұмысшыға бір ай бұрын ескертуге тиіс және оған бір айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуі керек.
Жұмысынан айырылған қызметкерге төленетін әлеуметтік төлем туралы
«Жұмысшылар назарына: егер сіздер жұмыстан шығып кетуге мәжбүр болсаңыздар, біздің елімізде мемлекеттік сақтандыру қоры жұмыс істейді. Әлеуметтік сақтандыру заңына сәйкес, жұмысшы жұмыстан шығып қалса, оның шыққан себебіне қарамастан, сол қордан алты ай бойы жұмысын жоғалтқанына қатысты әлеуметтік төлем алуына мүмкіндігі бар. Оның мөлшері жалақының 40 процентіне дейін жетеді. Ол үшін жұмысын жоғалтқан қызметкер Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Оны онлайн жасауға да болады», - деді министр.
Біржан Нұрымбетов сондай-ақ, жұмыс берушілерді еңбек заңнамасына сай шара қолдануға шақырды. Жұмысшылар өзінің еңбек құқығы бұзылса, мемлекеттік еңбек инспекциясына хабарласуын сұрады.
Алматы мен Нұр-Сұлтандағы карантинге байланысты жүріп-тұру жайлы
"Бұл екі қаладан басқа сыртқы өңірдегі іс-сапардан келіп жатқан жұмысшылар мен қала сыртында тұратын жұмысшылардың қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаса, қала әкімдіктерінің рұқсаттамасымен қалаға кіре алады", - деп түсініктеме берді министр.
Massaget