- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Тосынсый болсын деген...
"Тосынсый болсын деген ниетпен". Желіде жұлдыздар қатысқан соңғы қоңырауды кім ұйымдастырғаны белгілі болды
Желіде Қазақстандағы мектептердің бірінде соңғы қоңырау кешінің дүркіреп өткен сәті тарады. Онда эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен. Мұндай салтанатты соңғы қоңырауды кім ұйымдастырғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл видео әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінде пайда болды.
Желі қолданушылардың айтуынша, бұл концерт Тараздағы №17 мектепте өткен. Бұл шараны түлектердің ата-анасы немесе мектеп ұжымы ұйымдастырмаған. Қазақ күресінен атағы шыққан Бейбіт Ыстыбаев осы мектепті бітіргеніне 20 жыл болған. Желі қолданушылардың айтуынша, өнер иелері Қазақстан барысы чемпионының шақыруымен келген.
Бұл ақпаратты Massaget.kz тілшісіне спортшы Бейбіт Ыстыбаев растады. Оның айтуынша, ол мектеп ұжымына сыйлық жасағысы келген.
"Мен Ғани Мұратбаев мектебінде оқығанмын. Ондай концерттің болатынын мектеп директоры да, сыныптастарым да білген жоқ. Биыл бітіріп жатқан түлектерге, мұғалімдерге, сыныптастарыма тосынсый болсын деген ниетпен ұйымдастырдық. Соңғы қоңырауда өнер көрсеткен жұлдыздар - ағаларым, бауырларым. Желіде "ақша төлеп шақырыпты, ата-аналардан ақша жинаған" деген ақпарат тарап жатыр, олай емес. Бәрін өзім ұйымдастырдым. Ауылдан 6 жасымда көшіп келгеннен бастап, 1-11 сынып аралығында оқыған мектебіме, биыл бітіретін түлектерге қуаныш сыйлағым келді. Бәрі таңғалды. Орталық стадионда, қалаға концерт берейік деген ұсыныстар да болоды. Бірақ маған абырой, мақтану емес, жай ғана көңіл сыйлау еді", - деді ол.
Видеода МузАРТ тобын, Әділет Жауғашар, Нұрболат Абдуллин сынды өнер жұлдыздарын көруге болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек