Астанада жігіт жуырда өрт шығып, үш бала қаза тапқан "Көркем-3" тұрғын үй кешенінің шатырына шығып алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
20 сәуірде полицияға көпқабатты тұрғын үйдің төбесінде ер адам тұрғаны туралы хабарлама түскен. Ол елорданың 18 жастағы тұрғыны екені анықталған. Полицияның алдын ала мәліметі бойынша ол биіктен секірмек болған.
"Оқиға орнында шұғыл қызметтер жұмыс істеді, психологтар да жұмылдырылды. Қайғылы оқиғаның алдын алу үшін барлық шара қабылданды", - деп жазылған хабарламада.
Полиция қызметкерлері аумақты қоршап алған.
Кейінірек бірлескен әрекеттің нәтижесінде жігіт шатырдан түсірілгені, қазір қауіпсіз жерде екені хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова