Екібастұзда 17 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары бір тәуліктен аса уақыттан бері жылусыз отыр. Кейбір пәтерлерде температура 10-11 градустан көтерілмейді. Адамдар қалың киініп, бірнеше көрпе жамылып жатыр. Жылытқыш құралдардың көмегімен жылынуға тырысып, тіпті электрпештерін қосуға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Кристина Солтаналина күйеуімен және төрт баласымен Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі тұрғын үйді жалға алып тұрады. Ең кіші баласы бес айлық. Олардың пәтері де қаладағы ЖЭО істен шыққаннан кейін жылусыз қалған.
"Бүгін үйге жылу қосуға тырысты, бірақ болмады. Түске дейін пәтерден шыға алмадық. Бірінші қабатта тұрамыз, есігіміз қатып қалған. Пәтердегі температура қандай болып тұрғанын білмеймін. Бірақ балаларым үш қалың нәски киіп алды, сонда да аяқтары, мұрны мен қолы мұздай. Бүгін еріктілер жылытқыш құрал әкеліп берді, өзіміз сатып алып үлгермедік, себебі қалада бәрі сатылып кеткен. Қазір жылынып отырмыз", - дейді көпбалалы ана.
Оның көршісі Ирина да пәтерінде мұздап отыр. Ол екі баласын туыстарына жіберіп, өзі үйде қалған.
"Кеше таңертеңнен бері жылу, ыстық су болмады, әлі де жоқ. Өте қатты суық, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Үйден кетіп қала алмаймын. Төсектен де шықпаймын, бес көрпенің астында жатырмын, сонда да жылына алмайсың", - дейді Ирина.
Дәл осындай жағдайды төрт мыңға жуық екібастұздық бастан кешіріп отыр. Тұрғындардың сөзінше, кейбір үйлерде "су тасқыны" болып жатыр, себебі батареялардан су ағып жатыр екен.
Еске салайық, кеше Екібастұзда жылу желілеріндегі апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болады.
Қала тұрғыны "бәрі ЖЭО-дағы жағдайды білгенін, бірақ ештеңе істемегенін, қала толығымен жылусыз қалғанын" айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!