Танымал әнші, блогер Қарлығаш Сұлтанша "Мотор келін" атты кітабында тұрмысқа шыққаннан кейін қандай жайтқа тап болғанын жазған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнші 18 жасқа тұрмысқа шығып, кейін өмірінде өзі күтпеген нәрселер болғанын жеткізген.
"Алайда адамның ойлағаны бола бермейді. Өмірді бұлай елестетпеппін. Нағыз өмір енді басталды. Бетім ашылғаннан кейін келесі күні салт бойынша төсек тергеді. Дәстүрге мойынсұнып жеңгеме төсегімді көрсеттім. Пәк болып келгенімді дәлелдедім. 15 күннен кейін еншімізді алып Алматыға көшіп келдік. Ата-енем қолымызға 1800 теңге ұстатты. Сол 1800 теңгемен басталған Алматыдағы өмір әлі жалғасып жатыр, шүкір. Екі ай өткен соң университет маған іздеу салды. Содан кітапханаға барып, сабақтарыма кіріспек болдым. Оқу орныма барайық деп жатқанда үйге күйеуімнің әпкесі келді. Екеуі бір жаққа барып келетін болды. Мен ендеше университетке бара берейін дедім. Күйеуіме кітапханада отыратынымды ескерттім. Біршама уақыт өткен соң күйеуім хабарласты. Дауысы сондай зілді. Екеуміз кездесіп, дәмханада түстендік", - деп жазған ол.
Ал кейін естіген жайты төбесінен жай түсірген әсер берген.
"Сұмдық, албырт сезімімізді, үйленуге деген асығыстығымызды дұрыс түсінбепті. Әпкесі күйеуімді балгерге алып барыпты. Тәуіптің айтуынша, мен әу баста сірке суын бекер ішпегенмін. Біреулер абыройымды төгіп, далаға тастап кеткен-мыс. Соны жасыру үшін сірке суын ішіп, қулықпен ауруханаға түсіп, пәктіктігімді қайта жасатыппын. Пәктік тек белгілі мерзімге жарамды болғандықтан шұғыл тұрмысқа шығыппын. Ауруханада Қуанышты кезіктіріп өзіме оңай олжа тауыппын. Осының бәрін естігенде біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Жан дүниемде үлкен арпалыс басталды. Өмірдің оңы мен солын енді ажыратып келе жатқан 18 жастағы қызға бұл үлкен соққы еді. Күйеуіме деген ыстық сезімімнің күл паршасы шықты. Адамдардың қатыгездігіне күйіндім", - дейді ол.
Алайда өнер иесі анасының ақылымен отбасын сақтап қалғанын жазған. Күйеуі де сенетінін айтып, кешірім сұраған.
"Күйеуіме "маған сенбесең, осы жерден некемізді үзейік!" дедім. Осындай жиіркенішті жағдай болғанын анама айтып көп жыладым. Бірақ ол алғашқы бақтың бақ екенін, ажырасумен мәселе шешілмейтінін айтып басу айтумен болды. "Аққа құдай жақ" деп қайталай берді. ...Ал күйеуім маған сенетінін айтып, қайта-қайта кешірім сұраумен болды. Бірақ көңіліме сызат түсті", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!