- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Торыш" шатқалынан емес...
"Торыш" шатқалынан емес пе? Ақтауда ең қымбат қонақүйлердің бірінің ауласынан шар тәрізді тастар табылды
Ерекше тастар "Торыш" шатқалынан ұрланған ба? Қонақүй әкімшісі ешқандай заң бұзылмағанын алға тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін шар тәрізді тастар әлеуметтік желіде дау туғызды. Өйткені, бейнежазба иесі тастардың "Шарлар алқабынан" әкелінгенін айтқан. "Осындай шағын шар тастар алқапта қалмаған. Себебі, бәрін осылай алып кетті", - дейді тұрғын.
Алайда, "Каспиан Ривьера" қонақүйі директорының айтуынша, ерекше шар тастар бұдан 10 жыл бұрын, халықаралық іс-шараға дайындық кезінде әкелінген. Мұндағы мақсат туризмді дамытуға үлес қосып, аймақтың ерекше табиғи құрылымдарын насихаттау.
"Біздің қонақүй шетелдік меймандарға бағытталған қоғамдық орын және туристік нысан. Мұнда мемлекеттік маңызы бар көптеген халықаралық шаралар өткізілді. Маңғыстау өңірін танымал ету біздің басты бағыттарымыздың бірі. Аумақты абаттандыруға аз мөлшерде шар түйіндері қолданылды. Біз конкрецияларды аймақтан тыс жерге шығармаймыз, оларды сатпаймыз, құрылыс материалы ретінде пайдаланбаймыз. Тастарды қонақтарымызға көрсетіп, қызығушылықтарын оятамыз. Шамамен 10 жыл бұрын әкелінді. Содан бері игі мақсатта қызмет етуде. Бұл бірде-бір заңға қайшы емес", - дейді қонақүй директоры Раушан Хамитова.
Айта кетейін, осыдан 1 ай бұрын "Торыш" шатқалынан ерекше тастарды ұрлау дерегі тіркелген болатын. Ұры тастармен үйінің алдын безендірмек болған. Ол арнайы техникамен көлігіне 5 дана шар тасты тиеп жатқан кезінде видеоға түсіп қалды. Құзырлы органдар тұрғынның жеке басын анықтап, тастарды орнына қайтарды.
Алайда, ерекше табиғи тастарды ұрламақ болған тұрғын ешқандай жауапқа тартылмады. Себебі, "Торыш" шатқалындағы "Шарлар алқабы" мемлекет қорғауына алынбаған және ерекше қорғалатын қорықтардың аумағына жатпайды.
Бірақ осы оқиғадан кейін "Торыш" шатқалын қорғауға алу мәселесі қаралып жатыр.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы