Колонияларға тыйым салынған заттарды кіргізбек болған адвокаттар ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің №72 мекемесінде алаяқтық бойынша күдіктіге телефон беру әрекеті тоқтатылды. Тыйым салынған зат адвокаттың сөмкесінен рентген құрылғысының көмегімен тінту кезінде табылған. Қазір адвокатты жауапқа тарту мәселесі қарастырылып жатыр.
"Биыл алты айда 12 жағдай тіркелді. 2025 жылғы ақпанда адвокат Алматы қаласының тергеу изоляторында отырған қорғауындағы адамына екі телефон бермек болған. Тыйым салынған заттар тәркіленді. Іс Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралды. Сот шешімімен адвокат жауапқа тартылды", - деді ІІМ өкілдері.
Жыл басынан бері ҚАЖ мекемелеріне 422 телефонды алып кіру әрекеті тоқтатылған. 150-ден аса адам жауапқа тартылған, олардың ішінде адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар да бар. 4 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Министрлік республикалық адвокаттар алқасына тиісті шаралар қабылдау, тіпті оларды кәсіби лицензиядан айыру мәселесін қарастыру үшін хат жолдаған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз