- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Төрт орын ғана...
"Төрт орын ғана қалған". Ұлттық пантеонға кімдер жерленген?
2017 жылы Үкімет қаулысымен Астанада Ұлттық пантеон салу қолға алынды. Артын ала құрылысына қаржы бөлініп, кімдер жерленетіні жайлы да ереже бекітілді. Ал бүгінде бұл пантеонда төрт орын ғана қалған,- деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сол кезде бекітілген ереже бойынша мұнда мемлекеттің, ғылымның, мәдениеттің аса көрнекті қайраткерлері, сондай-ақ Қазақстанның дамуына үлес қосқан тұлғалар жерленетін болған. Оған қоса қайтыс болған адамның жұбайларын жерлеуге де орын қарастырылған. Қазақстанның дамуына үлес қосқан азаматтарды еске алу үшін құрылған мемориалдық маңызы бар нысан болып есептеледі.
Астананың іргесіндегі ұлттық пантеонда 4-ақ орын қалғаны жайлы жуырда ғана Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы айтты. Қалалық мәслихат отырысында сөз сөйлеген спикер 21 орында жерлеу жұмысы жүргізілгенін растады.
Пантеонның жалпы ауданы 4 гектарды шамалайды. Онда 25 жерлеу орны бар. Оның ішінде қазір 21 орында жерлеу жұмысы жүргізілген, яғни 25 орынның төртеуі ғана бос қалып тұр, - деді ол.
Ал сол 21 орынға кімдер жерленді?
Ұлттық пантеонға халыққа кеңінен танымал тұлғалар арасында қазақтың халық жазушысы атанған Әбіш Кекілбаев пен ақын Фариза Оңғарсынова жерленген. Өзге де жерленгендер қатарында саясаткерлер, академик, жазушы және шенеуніктер бар.
1. Орал Мұхамеджанов – бұрынғы Мәжіліс спикері;
2. Мақсұт Нәрікбаев - Жоғарғы соттың бұрынғы басшысы;
3. Қонысбай Әбіл – Қазақстанның халық ақыны, айтыскер, сатирик;
4. Қосман Айтмұхаметов - мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары болған;
5. Гүлбану Алтынбаева – бұрынғы қорғаныс министрі, армия генералы М.Алтынбаевтың жұбайы;
6. Кенжеғали Сағадиев – танымал экономист. Бұрынғы білім министрі Ерлан Сағадиевтің әкесі;
7. Клара Жұмабаева – Халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың жұбайы;
8. Саяхат Қонақай – Сара Назарбаеваның інісі;
9. Серік Қирабаев - ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі;
10. Сергей Дьяченко – Ақмола облысының бұрынғы әкімі;
11. Қозы-Көрпеш Жаңбыршин - Қазақстан халқы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бұрынғы төрағасы;
12. Зейнулла Шайдаров – қайраткер;
13. Ибрагим Жанғұразов – ауыл шаруашылық өндірісін ұйымдастырушы, Соцалистік Еңбек Ері (1981);
14. Әнес Сарай – жазушы, драматург, журналист;
15. Баян Жақыпова – мемлекеттік қызметші, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыповтың жұбайы;
16. Қожахмет Болахметов – Еңбек ері, бұрынғы Қазақ КСР оқу-ағарту министрі:
17. Мнаура Сағындықова – Ақтөбе облысы әкімі Елеусін Сағындықовтың жұбайы;
18. Қажымұрат Нағманов – Қазақстан мемлекет қайраткері, 2002-2005 жылдары Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі.
19. Мария Ғабдуллина – мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің жұбайы
Ұлттық пантеонға кімдер жерленетіні жайлы ережеде Қазақстан президенттері мен олардың отбасы мүшелері де болған. Биыл наурыз айында бұл пункт ережеден алынып тасталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай