Торт орнына сиыр еті: Алматы хайуанаттар бағында қолтырауын 40 жасқа толды

Алматы хайуанаттар бағындағы кубалық қолтырауын Фидель 40 жасқа толды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін - Алматы хайуанаттар бағында ерекше күн. Хайуанаттар бағының ең танымал "тұрғындарының" бірі - кубалық қолтырауын Фидель 40 жасқа толды.

Фидель 1986 жылы туған. 2001 жылы Рига хайуанаттар бағынан Алматы хайуанаттар бағына әкелінген. Осы жылдар ішінде ол қонақтардың ерекше ықыласына бөленді. Бүгінде ұзындығы шамамен 4 метр болатын Фидель - өз түрінің толық жетілген өкілі.

Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Фидельге ерекше сый әзірленген. Қолтырауындар тәтті тағам жемейтіндіктен, мерекелік торт оның сүйікті асы - сиыр етінен жасалған.

"Фидельдің жағдайы жақсы. Ол белсенді, тәбеті де жақсы, мамандардың тұрақты бақылауында. Біздің хайуанаттар бағында өткізген жылдары ішінде ол экзотариумның нағыз символына айналды. Мінезі мен қылығы әбден қалыптасқан, оны қызметкерлеріміз жақсы біледі. Жасы ұлғайғанымен, кубалық қолтырауын үшін 40 жас шек емес. Дұрыс күтім жасалса, олар бұдан да ұзақ өмір сүре алады", - дейді Алматы хайуанаттар бағы Экзотариум бөлімінің басшысы Александр Гурнев.

Кубалық қолтырауындар бауырымен жорғалаушылардың ежелгі тобына жатады. Зат алмасу процесінің ерекшелігінің арқасында олар қорегін ұзақ уақыт қорытады. Сондықтан хайуанаттар бағында Фидельге аптасына бір рет қана азық беріледі. Әдетте оны әр сейсенбі күні сағат 14:00-ден 15:00-ге дейін тамақтандырады. Бұл сәтті қонақтар тамашалай алады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!