- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Төрт жылдан бері...
"Төрт жылдан бері төлей алмай жүрмін". Халық банкроттыққа өтініштері қабылданбай жатқанына наразы
Жамбыл облысында банкроттыққа өтініш беру бойынша азаматтардан 3 544 өтінім түскен. Бірақ банктер алдындағы қарызы қыруар болса да, өтініші мақұлданбай қалған адам көп. Massaget.kz тілшісі өңір тұрғындарымен және мамандармен сұхбаттасты.
Тұрғындардың бірі өтініші қанағаттандырылмағанына шағымданды.
"Қазір екінші деңгейлі банктерге қарызы жоқ адам аз. Атыма тіркелген ешқандай жылжымайтын немесе жылжымалы мүлкім жоқ. Қарызымды төлей алмай келе жатқаныма төрт жыл болды. Бірақ менің банкроттық туралы өтінішім қанағаттандырылмады", - дейді тараздық Гүлназ Әділбекова.
Ол банкрот деп танылып, қарызынан құтылатынына сенімді болыпты. Алайда төрт жылдан бері кредитін төлей алмай келе жатса да, бір кездері ломбардқа өткізген әпкесінің алтынын қайтарып алғаны өтініші қабылдануына кедергі келтіріпті.
"Ломбардтан алған қарызымның мерзімі өтпей, ақшасын төлеп, алтын әшекейді қайтарып алғанмын. Себебі құжатын өз атымнан рәсімдесем де, бұйым әпкемдікі болған соң уақтылы қарызын төлеп, қайтарып бергенмін. Енді мен бакроттыққа тек бір жылдан соң ғана өтініш бере аламын", - деді ол.
Жамбыл облысында соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға өтінім берген 3 544 өтініштің 2 641-і қаралып, 507-сіне соттан тыс банкроттық рәсім басталған. Ал бас тартылған өтінім саны - 2 134. Пайызға шаққандағы көрсеткіші - 80,8. 903 өтініш әлі қаралып жатыр.
Жамбыл облыстық мемлекеттік кірістер департаменті берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовтің пікірінше, банкрот болуға несиесі бір жылдан көп уақыт төленбеген тұрғындар өтінім бере алады. Егер өтініш берген азаматтар "некеде жоқпын" деп көрсетіп, кейін eGov-та үйленгені туралы ақпараттар шықса, өтінім кері қайтарылады.
"Өз атына тіркелген мүлкі бар азаматтардың да өтініштері кері қайтарылып жатыр. Банкроттықтан бас тартылған екі мың өтініштің ішінде азаматтардың жылжымайтын мүлкі, жер телімі, автокөліктері бар екені анықталып отыр", - дейді басқарма басшысы.
Мамандар өтініштерді қабылдау науқаны басталғанда әр күні 140-150 адамнан өтініш қабылданғанын айтады. Қазір тұрғындардың екпіні біршама төмендепті. Күн сайын 30-35 азамат өтінім береді екен.
"Соттан тыс банкроттық рәсімі басталған азаматтар бойынша тиісті мәліметтер электрон үкімет веб-порталында орналастырылған. Банкроттық рәсімін қолданудан бас тартқан 2 134 арыз иесіне хабарламалар 1414 сервисі арқылы телефонына жолданды", - деп түсіндірді Ерлан Нұрмаханбетов.
Өтініш берушінің атында тіркелген мүлкі болмауы және қарызын төлемегеніне бір жыл толуы керек. 5 жылдан аса уақыт бойы төленбесе, қарызы 5 жарым миллион теңгеден асқан азаматтарға бұл талап міндетті емес.
"Атаулы әлеуметтік көмек алатындар банкроттық туралы өтінім бере алмайды. Ал сот арқылы банкроттық жариялау рәсімі банктегі қарызы 5 миллион 520 мың теңгеден асқан адамдарға арналған. Есте сақтайтын нәрсе - бұл жағдайда қарыз алушының мүлкі сатылады. Баспанасы кепілге қойылмаса, қарыз беруші ұйым оны алып қоя алмайды", - деп түсіндірді басқарма басшысы.
Еске салайық, бұған дейін 2000-нан аса адамның банкроттыққа берген өтініші мақұлданғаны хабарланған еді.
А.Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова