- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Төрт баланың анасы...
Төрт баланың анасы президенттікке кандидат ретінде ұсынылды
Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы Қарақат Әбденді президенттікке ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысы өтті. Іс-шара барысында "Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы" РҚБ-ның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу және ілгерілету, сондай-ақ ұлттық деңгейде азаматтардың осал топтарының проблемалары мен мүдделерін қорғау үшін президенттікке кандидат кезектен тыс сайлауға Әбден Қарақат Жақсылыққызы ұсынылды", - делінген хабарламада.
Қарақат Әбден 1974 жылы 7 мамырда дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын "экономист-маркетолог" мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Алматы қаласындағы "Орда" жеке коммерциялық фирмасының экономисі ретінде бастаған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің ірі салық төлеушілер департаментінің жетекші маманы болып жұмыс істеді.
1999 жылдан 2009 жылға дейін Қаржы министрлігінде Салық комитетінің Салық төлеушілердің мониторингі басқармасы бөлімінің бастығы, Салық комитетінің Салық апелляциясы басқармасының бас маманы, Салық комитетінің №1 өңіраралық Салық комитетінің салық төлеушілермен жұмыс жөніндегі басқармасы бөлімінің бастығы, Салық комитетінің өндірістік емес төлемдер басқармасы бөлімінің бастығы, Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің №4 бақылау басқармасының бас сарапшысы міндеттерін атқарды.
2009 жылдан 2013 жылға дейін Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебі директорының орынбасары, "Нұр Отан" (қазіргі Amanat) партиясы Жоғары партия мектебінің талдау және үйлестіру секторының меңгерушісі, "Нұр Отан" партиясы Орталық аппаратының инновациялық комитетінің консультанты болып жұмыс істеді.
2011 жылдан - "Нұр Бөбек" ЖШС құрылтайшы-директоры.
2013 жылдан бастап "Қазақ Қызы" ҚБ төрағасы, Астананың "Асыл бөбек" жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының төрағасы.
Алтыншы шақырылған Астана мәслихатының депутаты болған.
Қарақат Әбден - төрт баланың анасы, қоғам қайраткері, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі.
Айта кетейік, Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Құлтай