Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова елордадағы құны 160 млн теңгелік үйін жер үйге ауыстырмақшы болып, алданып қалған. Екі жылдан бері кепілге қойған үйін алаяқтардан ала алмай жүрген көпбалалы ана БАҚ өкілдерін жинап, баспасөз отырысын ұйымдастырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2021 жылы актриса Жұлдыз Әбдікәрімова TUMARGrandVillage құрылыс компаниясынан үй алу үшін келісім жасасқан. Бірақ компания басшысы Диляра Тәжімбетова жер учаскесін кепілге қойып, Жұлдыздың пәтерін үшінші тұлғаларға сатып жіберген.
"Сенің жер үйіңнің құрылысын аяқтау үшін пәтеріңді кепілге қою керек дейді. Бірақ менің үйімді салып берген жоқ. Мен алу керек жер үй Агрокредиттік корпорацияда кепілде тұр, оны екі рет кепілге қойған. Екі апта, екі апта деп жүріп, күні бүгінге жеттік", - дейді Жұлдыз.
Диляраның уәдесінен шаршадым деген актриса жаңа үйді күте алмайтынын айтып, өзінің бұрынғы пәтерін қайтарып беруді сұрайды.
"2024 жылдың басында мен Диляраға "үйді күтпей-ақ қояйын, пәтерімді өзіме қайтарып алайын" деп сұраған едім. Іс созылып кеткеннен соң Диляра "Жұлдыз, сенің жер үйіңді сатайық. Сен алушы тауып әкеліп, сосын сол ақшаға басқа үй сатып ал" дейді. Бірақ мен бұған келіскен жоқпын. Себебі менде алаяқпен бірге қосылып, бәрін біле тұра, басқа адамға сатуым керек екен. Жер үйді қойғанда, өз үйімді қайтара алмай отыр", - деді Әбдікәрімова.
Жұлдыз заңгерлердің көмегіне сүйеніп, пәтерін қайтарып алу мақсатында аудандық, содан кейін қалалық сотқа жүгінген. Екі соттың шешімі де жәбірленушінің пайдасына шешілмей, пәтер де, құрылыс компаниясы салып беруі тиіс болған коттедж де қайтарылмаған. Актрисаның айтуынша, жауапкердің күйеуі мемлекеттік қызметте жұмыс істейді және ол актрисаны телефон арқылы қорқытқан.
"Бастапқыда Дилярамен сөйлесіп, келісімшарт жасағанда бұл адамның қатысы болмаған еді. Бірақ соңғы кездесуде күйеуі Нұржан Қатаев менімен дөрекі сөйлесіп, қоқан-лоқы көрсетті. Өзінің лауазымды қызметте екенін жеткізгісі келген шығар. Бірақ мен ешкімнен қорықпаймын. Халық бар, БАҚ бар. Заң барлығына тең деп ойлаймын. Ер адамнан ондай қоқан-лоқы көремін деп күтпеген едім. Екі жыл болды, бала-шағаммен жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз және оның еш әбестігі жоқ деп ойлаймын", - деді актриса.
Ашық дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, Нұржан Қатаев - балуан және ашық күрестен Азия чемпионы. Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті.
Жиынға актрисаның қорғаушысы да қатысты. Айтуынша, осы уақытқа дейін екі рет сот отырысы өткен. Жауап беруші екі соттың да отырысына қатыспаған. Жәбірленушінің келтірген дәлелдері сот тарапынан ескерусіз қалған.
"Жұлдыздың пәтеріне сату-сатып алу келісімшартын жасап, құрылысы аяқталмаған коттеджге айырбастамақшы болған. Үй салынып жатқан жер учаскесі Агрокредиттік корпорацияға тиесілі. Құрылыс компаниясы келісімшарт жасағанға дейін Агрокредиттік корпорацияға жерді кепілге қойған. Сәйкесінше, компания аталған мүліктерді өзіне тиесілі деп жариялауға құқылы болмаған. Нотариуспен бекітілген Диляра мен Жұлдыздың хабарламаларында ол "Сен сату-сатып алу келісімшартын формалды түрде жасап, ақшаның бір бөлігін қолға алдым деп көрсет. Қалған бөлігіне менің бауырым Дияр Тәжімбетов сенен қаржылай қарыз алдым деп көрсетеді" деп жазған. Осы құжаттар негізінде заңсыз, өмірде жоқ үйдің келісімшарт құжаты жасалған. Азаматтық заң аясында бұл құжаттар о бастан заңға қайшы болған. Бірақ осыған қарамастан, бірінші сот отырысы 31-шілдеде пәтерді сату-сатып алу келісімшартын заңсыз деп танудан бас тартты. Бір қызығы, Жұлдыздың бұрынғы пәтері құжат бойынша екі рет сатылған және онда қазір Диляраның бауыры Әбілхан Тәжімбетов тұрып жатыр. Яғни біреуі пәтерде тұрады, екіншісінің атына пәтерді тіркейді, үшіншісі осы келісімшарттың басы-қасында жүр. Шындығында ештеңе жоқ", - деп пікір білдірді актрисаның қорғаушысы Жанарбек Бектеміров.
Айта кетейік, TUMARGrandVillage құрылыс компаниясына алданып, үлкен соммадағы қаражатын қайтара алмай отырған жәбірленушілердің саны оннан асады. Бүгінгі таңда жәбірленушілердің топтық шағымдануымен құрылыс компаниясының басшысына алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ендігі іс Жоғарғы сотқа берілді.
Massaget.kz тілшісі TUMARGrandVillage құрылыс компаниясына хабарласып, мән-жайға қатысты пікір сұрады. Аты-жөнін айтудан бас тартқан компания өкілі қосымша жауаптарды әзірлеп жіберетінін айтты.
"Бүгіндікке хабарласып жатқан үшінші журналиссіз. Жұлдыздың брифинг өткізгенін сізден естіп тұрмыз. Диляра ханымды сотқа да берді, сот өз шешімін шығарды емес пе?! Сізге Диляра өзі хабарласып, мән-жайды түсіндіреді", - деп, байланыс нөмірімізді алып қалды. Бірақ әлі күнге бізге ешкім хабарласпады. Жауап берілсе, қосымша хабарланады.
Айта кетейік, бұған дейін Жұлдыздың алаяқтық ісіне қатысты БАҚ өкілдерімен кездесу өткізетіні туралы хабарлағанбыз. Өнер иесі өзіне "парламенттенмін" деп белгісіз біреулердің хабарласқанын айтқан.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз