Жетісайда өз әйелін өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды. 30 жастағы келіншек ес-түссіз ауруханаға түскен. Бір аптадан соң келіншек есін жимастан көз жұмды, - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға туралы журналист Гүлмира Әбіқай Instagram-да жазды.
Оның айтуынша, бұл оқиға кәмелетке толмаған балалардың көзінше болған.
"Тағы да 4 бала тірі жетім қалды. Тағы да Түркістан облысы (Жетісай). Байғұс әйелдің жасы 30-да екен. Төрт баланың кішісіне 6-ақ ай. Шартты түрде сотталған күйеуі, жұрттың айтуынша бұл жолы нашаға еліріп ес жоғалтқан. Марқұмның сынбаған сүйегі, езілмеген органы жоқ. Өлімші қылып ұрып-тепкеннен әйел ес-түссіз аурухаға түсті де бір апта бойы комадан шықпай көз жұмды. Өте өкінішті… 2 ай бұрын дәл осындай жағдай Ордабасыда болған еді", - деп жазды журналист.
Оқиға туралы Жетісай аудандық полиция бөліміне жедел жәрдем қызметінің мамандары жас әйелдің соққыдан, түрлі дене жарақатымен ес-түссіз ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған.
"Адам өліміне алып келген қайғылы жағдай бойынша әйелдің күйеуі күдікке ілінді. Ол 14 маусымда ұсталып, қамалды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша тергеу жүріп жатыр", - делінген полиция хабарламасында.