“Төрт әйелі бар бас имамдікі“ делінген үйдің шынайы иесі де желіде қызу талқыға түсті

“Төрт әйелі бар бас имамдікі“ делінген үйдің шынайы иесі де желіде қызу талқыға түсті
Фото: Видео кадры

Желіде "Астананың бас имамының үйі" делінген зәулім сарай төңірегінде біраз уақыт дау жүрді. ҚМДБ үй шын мәнінде кімге тиесілі екенін және бұл ақпаратты кім таратқанын жариялады. Алайда әлеуметтік желіде зәулім үйге қатысты тағы бір сын пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы журналист Ескендір Зұлқарнай жазды. Жазба авторының сөзінше, үйдің шынайы иесі Нұрлан Лесбекұлы - белгілі кәсіпкер.

"Астананың қақ төрінен мұндай зәулім үйді қандай ақшаға салды?" деп сұрап жатқандар бар екен. Осыған орай, 13 жыл бұрын Нұрлан ағадан алған сұхбатымнан бір үзінді келтіруді жөн көрдім", - деді ол.

Сұхбатта Нұрлан Лесбекұлының құрылыс қоспаларын шығаратын компаниямен айналысатыны, бұл компания 1997 жылы Алматыда құрғақ құрылыс қоспаларын шығаруды Қазақстанда бірінші болып қолға алғаны айтылады.

"Кейін Астана қаласына қоныс аударып, қазіргі күні, Құдайға шүкір, қызметіміз алға басып, жемісті еңбек етіп келеміз. Өнімдерімізбен осы Астана қаласы нарығының 60%-ын қамтып отырмыз. Құрылысқа қажет 40 шақты өнім түрін шығарамыз. Тауарларымыздың таралу жағрапиясына келсек, Қазақстанның солтүстік облыстарымен жақсы жұмыс істеп келеміз. Енді биылдан бастап Батыс Қазақстанға, атап айтқанда, Орал мен Ақтөбеге шығып жатырмыз. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының маусымдық кезеңдерінде сұраныс көп болуына орай Астанадан тағы бір зауыт ашып жатырмыз. Еліміздің өзге де аймақтарынан тағы 1-2 зауыт ашсақ деген жоспарымыз бар", - деген кәсіпкер 2012 жылы берген сұхбатында.

Бұған дейін қандай ақпарат тарады?

Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видеода бейтаныс ер адам аспазды алып келгенін айтып, зәулім сарай Астананың бас имамына тиесілі екенін айтқан еді.

"Мен мынаны басында мешіт екен деп қалыппын. Сөйтсем, мынау Астананың бас имамының үйі екен, мешіт сияқты, дәәәу ғой, сұмдық. Ал енді садақа беріңдер. Әр жұма сайын салған садақаларың, міне, қайда кетіп жатыр? (...) Не деген сарай мынау! Төрт әйелі бар дейді тағы. Жаңа осы үйдің аспазын алып келдім. Аспазы бар тағы. Сендердің садақаларыңмен жалақысын төлейді. Қалай Алладан қорықпайды. Ар жақтағы аумағын көрсең, 1 гектар жерді қоршап алған ғой", - деді бейтаныс ер адам.

@information1913

♬ оригинальный звук - Informator2025

Артынша Астананың бас имамы Ербол Жүсіпов желіде тараған ақпаратқа өзі пікір білдірді.

"Facebook, TikTok әлеуметтік желісінде белгісіз бір азамат жалған парақша арқылы "Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі" деген мазмұнда видео бөліскен. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екенін қаперлеріңізге саламын. Ардақты мұсылман қауым, арандатушылардың өсек-аяңынан баршамызды сақтасын", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ үйдің шынайы иесі кім екені белгілі болды. Нұрлан Лесбекұлы есімді азамат қызу талқыға түскен үй өзінікі екенін мәлімдеді.

Ал Астананың бас имамы туралы видео таратқан адам кешірім сұрады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget