"Астана имамының зәулім үйі" туралы ақпарат таратқан ер адам айыппұл арқалады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желіде жала жапқаны үшін Б-ға қатысты істі қарады (ӘҚБтК 73-3-бабының 2-бөлігі).
Сот мәліметінше, құқықбұзушы әлеуметтік желілерге зәулім үй көрсетілген видео жариялап, ол зәулім үйдің халықтың қайырымдылыққа берген қаражатына салынғанын, оның Астана қаласының бас имамына тиесілі екенін айтып, сол арқылы әлеуметтік желілерде ар-намыс пен қадір-қасиетке және басқа адамның беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді таратқаны анықталған.
Сот отырысы барысында құқықбұзушы өз кінәсін толық мойындап, үйдің кімге тиесілі екенін, оның қандай қаражатқа салынғаны белгісіз екенін түсіндірді, видеоны тек көру үшін жариялағанын айтып, өкініш білдірді.
Кінәлі әлеуметтік желілерде жәбірленушінің абыройы мен қадір-қасиетіне және беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқандықтан, жәбірленуші сотта оны заң бойынша жазалауды сұраған.
Құқықбұзушылық іс материалдарымен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен және жәбірленушінің арызымен расталған.
Сот қаулысымен Б. ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 180 АЕК (707 760 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видеода бейтаныс ер адам аспазды алып келгенін айтып, зәулім сарай Астананың бас имамына тиесілі екенін айтқан еді.
"Мен мынаны басында мешіт екен деп қалыппын. Сөйтсем, мынау Астананың бас имамының үйі екен, мешіт сияқты, дәәәу ғой, сұмдық. Ал енді садақа беріңдер. Әр жұма сайын салған садақаларың, міне, қайда кетіп жатыр? (...) Не деген сарай мынау! Төрт әйелі бар дейді тағы. Жаңа осы үйдің аспазын алып келдім. Аспазы бар тағы. Сендердің садақаларыңмен жалақысын төлейді. Қалай Алладан қорықпайды. Ар жақтағы аумағын көрсең, 1 гектар жерді қоршап алған ғой", - деді бейтаныс ер адам.
@information1913♬ оригинальный звук - Informator2025
Артынша Астананың бас имамы Ербол Жүсіпов желіде тараған ақпаратқа өзі пікір білдірді.
"Facebook, TikTok әлеуметтік желісінде белгісіз бір азамат жалған парақша арқылы "Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі" деген мазмұнда видео бөліскен. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екенін қаперлеріңізге саламын. Ардақты мұсылман қауым, арандатушылардың өсек-аяңынан баршамызды сақтасын", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ үйдің шынайы иесі кім екені белгілі болды. Нұрлан Лесбекұлы есімді азамат қызу талқыға түскен үй өзінікі екенін мәлімдеді.
Ал Астананың бас имамы туралы видео таратқан адам кешірім сұрады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!