Кәсіп бастау оңай болғанымен, оны дөңгелету олай емес. Салған қаражатың ақталуы, шығыныңды кіріс жабуы үшін көп еңбек пен табандылық керек. Әйтпесе, нарық ешкімді аямайды. Косметикалық дүкен ашып, қарызға кірген және сол 5 миллион теңге қарызын 4 айда жапқан Қарашаш Есенбай кәсібіндегі тәжірибесі мен қарыздарынан қалай құтылғаны туралы Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
"100 доллардан басқа ақшам болмады"
Қарашаштың негізгі мамандығы - журналист. Тауар сататын кәсіпке келуіне де сол жол себеп болған.
"Косметикалық дүкенді ашқаныма 1 жылдан асты. Бұған дейін журналист болып қызмет еткенмін, қазір де ол саладан алыстаған жоқпын. Бұрын кәсіпкер ретінде тек шығармашылық, оқу-білімге қатысты жобалармен айналысқанмын. Өткен жылы өзімді жаңа қырымнан байқап көргім келіп, "дүкен ашамын" деген ой келді. Сол үшін ізденіп, кітаптар мен курстар оқып, консультациялар алдым. Сенесіз бе, болашақ дүкенім туралы ойлағанда жолдың бойында аты көрініп тұрады деп елестететінмін.
Бір күні құрбыммен кофе ішіп отырғанда осы идеямды айттым. Сосын кездесуіміз аяқталып, кофеханадан шықтық. Дәл біз отырған кофехананың жанында "жалға беріледі" деген хабарландыру тұрғанын көрдім. Тура менің ойымдағыдай жолдың бойы, кішкентай ғана жер екен. Шынымды айтсам, қалтамда 1000 теңге жоқ, тек бұрыннан әмиянымда сақтап жүрген 100 доллар бар еді. Дәл сол кезде еңбек демалысына шығып, соның ақшасын күтіп отырғанмын. Жалға беретін адамға 100 долларды беріп, қалғанын ертеңіне алып келетінімді айттым. Ертесіне еңбек демалысының ақшасы түсті. 80 мың теңгені жалға алған жердің ақысына беріп, қалған 400 мың теңгеге Шымкентке барып, бетке күтім жасайтын косметикалық заттар алдым", - деді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, дүкенінің ашылуына достары көмектескен.
"Қыздардың өз-өзіне күтім жасағанын жақсы көремін. Қазіргі эстетика бояну емес, керісінше терінің саулығы. Соған аз да болса насихат жасағым келді. Сол мақсатпен осы кәсіпті аштым. Дүкеннің ішіндегі тауар қоятын сөрелерді сұхбат алған шебер ағалар көмектесіп, қолдан жасап берді. Солай бастап кеттім. Бірақ 15 шаршы метрге 400 мың теңгенің заты сыймай тұрған сияқты болды. Кейін тауар саны артып, ассортимент көбейді. Сөйтіп, бір жылға жақындағанда кең әрі жаңа жерге көштім. Себебі тар жер қолайсыздық тудырды", - деді ол.
"5 миллион қарызға кірдім"
Қарашаштың косметикалық дүкенінің аты да ерекше, "Құрбым" деп аталады.
"Дүкеннің атауына өзімнің танымдық жобам себеп болды. Әлеуметтік желіде "Qurbymkz" дейтін жобам бар, онда қыз балаларға арналған түрлі тақырыптағы пайдалы ақпараттар, қазақша психологиялық кеңестер жазамын. Кәсіби мамандар, соның ішінде гинеколог, психолог, диетологтармен тікелей эфирге шығып, көптеген ақпараттармен бөлісеміз. Сол жобаның аясында мен кәсіп бастағым келді. Себебі ол парақша маған материалдық пайда әкеле қоймайтын.
Тауар бизнесінде өзімді сынап көргім келді, себебі бұрын "мен зат сата алмаймын" деген жаман ойым болатын. Соны жеңгім келді (күліп). Ал ата-анам тарапынан мүлде қарсылық болмады. Ата-әжемнің қолында өскендіктен бе бұрыннан еркінмін. Тіпті оларға идеямды да айтпадым. Барлығы дайын болып, ашылатын кезде ғана сүйінші сұрап, сурет жібергенмін. Сол кезде олар таңғалды. Негізі менің 5 миллион қарызға кіргенімді де осы сұқбаттан оқитын болды", - деп күлді кәсіпкер.
Қарызсыз басталған кәсіп жоспарсыздықтан қарызға батты.
"Дүкеннің ашылғанына бір жылдай уақыт болғанда кеңейткім келіп, жаңадан салынып жатқан сауда үйінен 60 кв метрлік жерге көштік, оның жалға алу бағасы бұрынғымен салыстырғанда 4 есеге көп болды. Үлкен жерге көшкен соң дүкеннің ашылуын жасағымыз келді. Оның дайындығы бар, ішін жабдықтау, қосымша тауарлар алу деген сияқты қажеттіліктер туындады. Солай керек-жарақтарға жоспардан тыс ақша шықты. Ашылу салтанатына да біраз қаражат жұмсадым, қонақ шақырдым. Жинаған азын-аулақ ақшам көпке жетпей, қарызданып қалғанымды түсіндім.
Негізі дүкеннің ашылу салтанатына 2 күн қалған кезде тапсырыс берген жиһаздар дайын болмайтын болып, екі күнде жедел дайындау үшін де көп шығын кетті. Сонымен нақты жоспар, стратегия болмағандықтан несие алдым, туыстарға қарыз болдым, заттардың төленбеген ақысы бар, жалға алған жердің ақшасы бар сонымен жаңа жерге көшкен айымда 5 миллион қарызға кірдім. Мұны өзім күтпей қалдым. Бірақ себебін түсіндім, сосын нақты мақсаттар жасадым. Солай 4 айдан асқанда қарыздарымды жаптым", - деді Қарашаш.
Ол кәсіптегі қателігін екінші локацияны дұрыс таңдамауымен байланыстырады.
"Себебі жаңадан салынып жатқан жерге брендімнің атауы қалыптаспай тұрып, ауыстым. Жолдың ыңғайсыз жерінде орналасқан, тұтынушы аз. Оның үстіне жалдау құны қымбат. Соны ақтай алмай, қарызға кіре бердім. Сол уақытта бірден шешім қабылдамай өзгерісті күтіп, ұзақ шыдамдылық танытып қойдым деп ойлаймын", - дейді.
"Қиын жағдайда құрбыларым көмектесті"
Кәсіпкер сондай қиын жағдайда құрбылары көмектескенін атап өтті.
"Негізі дүкеннің "Құрбым" деп аталуы бекер емес сияқты деп ойлаймын. Себебі осындай қиындықта құрбыларым ғана көмектесті. Әлі де кездескен қиындықтардан солардың көмегімен шығып келе жатырмын. Мысалы, танымал Tik-Tok блогер, актриса, "Келінжан" сериалына түскен Айшолпан Байтүгел құрбыма хабарласқанымда, "Қарашаш, сені қолдап, дүкеннің ашылуына келемін" деп Қызылордадан арнайы келіп кетті. Гонорар, қосымша ақы, ештеңе сұрамай, өз аудиториясына да жарнамалап берді. Ол үшін үлкен алғыс білдіремін! Дүкеннің ішінен фотозона жасап, логотип пен "Сұлулық сенен тарайды" деген ұранымызды белгілі қолөнер шебері, суретші Гүлзинат деген құрбым өз қолымен жасап берді. Арайлым деген құрбым, басы-қасында жүріп заттардың орналасуын, бағаларын, сатылуын қадағалап көмектесті. Сонымен қатар, қатты қаржылай қиындық болған кезде де шешімін тауып берді. Шынымды айтайын, кейде жалғыз қалғанда құрбыларымның жақсылығын ойлап көзіме жас келеді. Жаныма соншалықты асыл адамдарды жинап қойған, Құдайға шүкір етем!"- деді ол.
Қарашаштың айтуынша, басқа қаладағы құрбылары да қолдау ретінде дүкеніне жиі тапсырыс береді.
"Әйтпесе, мұндай дүкен өз қалаларында да бар ғой. Бірақ Астана-Алматыда отырып, Түркістанға тапсырыс беретіндері, маған көп қолдау екенін жасырмаймын. Мойындау керек, Түркістанда көп тұтынушы, ауқымды аудитория жоқ. Әсіресе күтімге керек заттарды ала бермейді, әрі ақшасын да көбінің жағдайы көтермейді. Мұны мен тек өз кәсібімдегі тәжірибеге сүйеніп айтып отырғаным жоқ, бұған дейін да сапалы, әрі бағалы заттарды сататын бірнеше дүкеннің жарнамасымен айналысқанмын. Сол кезде тапсырыс берушілердің көбі басқа қаладан екенін байқағанмын. Менің де дүкенімде бюджеттік бағадағы заттар жоқтың қасы, көбі премиум класстан басталады. Сол үшін де клиенттерім әзірге көп деп айта алмаймын", - деді ол.
"Нөлмен қайтқан кездер болды"
Қарашаш шығындарды жаба алмаған кезде қосымша шығармашылықпен айналысқан. Бұл да пайдасын берген.
"Чакрология, психология, родология деген ілімдерді оқыған соң өзім де арасында курстар өткіземін, консультация жүргіземін. Соның да пайдасы қарыздарды жабуға көмектесті. Дүкенге ешкім келмей қалған күндер, әсіресе жазда кассаны нөлмен жапқан кездер болды. Бір жағынан халықтың кризистік кезеңде екені де байқалады. Өйткені бөліп төлеуге алатын адамдардың саны көп", - деді ол.
Оның айтуынша, кәсіпкер болу оңай, кез келген адам айналыса алады.
"Өзім кез келген адамның қолынан барлық нәрсе келеді, барлық мәселе шешіледі дейтін адаммын. Себебі соңғы бес жылда жүйелі түрде психологпен жұмыс істеп, түрлі курстарға барғанымның әсері болар, 5 миллион қарызға кірдім деп күні-түні жыламадым. Менің сондай қарызым болғанын Арайлым деген құрбымнан басқа адам білмейді. Қоғамдық өмірде белсенділігімді тоқтатпадым, түрлі іс-шараларға қатысып, демеушілікте жасап жүрдім. Табиғатымнан энергиям көп, әрі ресурста болуым үшін үнемі ізденіс үстінде жүремін. Саидмурод Давлатов секілді белгілі адамдардың кітаптарын оқыдым. Сосын коучтан, бизнес тренерлерден кеңес алдым. Әр нәрсені өз маманынан сұрау керек деген ойдамын. Мысалы, сізге сатуды үйрену керек болса, сату маманынан, ал әлеуметтік желіні жүргізуді қаласаңыз, СММ маманынан, видеоны мобилографтан үйренген дұрыс. Әрі сол салада қиындығың болса да солардан кеңес алуға шақырар едім. Бізде керісінше маманнан сұрауға ұялады немесе оның ақысын төлегісі келмей, жездесінен, көршісінен ақыл сұрап жүреді. Ал бұл жетістікке алып барады деп ойламаймын", - деді кәсіпкер.
"Әжем модель болды"
Кәсіпкер кассада тұрмауға тырысатынын айтты. Мұның өзіндік сыры бар.
"Маған өзім сатушы болған қиын болды. Себебі шығармашылықтың адамы екенмін. Бір жағы адамдардан сатушыға деген қарым-қатынастың дұрыс емес екенін байқадым. Көпшілікте "сен - сатушысың, менің айтқанымды жасауың керек" деген сияқты өзінен бір саты төмен түсіретін түсінік бар. Сатуды сол күйі үйрене алмадым. Жарнама жақсы жасаймын, іс-шараларды ұйымдастырып, ұжымды басқара аламын. Бірақ мен адамға зат сата алмайды екенмін. Керісінше, жеңілдікпен беруге, сыйлық ретінде беруге құмармын. Алғашында бір зат алған адамға, екінші бір затты сыйлай беретінмін. Соны бірде сіңілім байқап, ескерту жасады. Сондықтан кассада тұрмауға тырысамын. Өте сирек, демалыс күндері ғана барамын", - дейді ол.
Қарашаштың дүкені әйелдерге арналған жобаның аясында ашылғандықтан соларға пайдалы нәрселерді көбірек жасауға тырысады.
"Менің 80 жасқа жақындаған әжем бар, ол кісіні модель жасап суретке түсірдік. Жас әйелдерге күтім жасау керегін айтып, үгіт жасадық. Одан кейін дүкенде айына бір рет косметолог, визажист, стилист секілді мамандармен тегін кездесу ұйымдастырамыз. Кез келген қыздар қатыса алады. Өзім кітап оқығанды жақсы көретіндіктен, дүкенде кітап бұрышын жасап қойдық. Мұнда келушілер өзі оқыған кітапты сөредегі біреуімен тегін алмастыра алады. Оның ішінде барлығы жаңа кітаптар. Студент қыздар кітап ауыстыруға көп келеді. Сол үшін қуанамын. Алдағы уақытты осыны кеңейту туралы ой бар", - деді ол.
"Жағымсыз пікір алмадым"
Қарашаштың айтуынша, дүкенде консультант болып сертификатталған косметолог маман жұмыс істейді.
"Қазіргі таңда екі сатушы бар. Біздегі консультант та сертификатталған косметолог маман. Әрбір келушіге барлығын түсіндіріп айтады. Жалпы қыздар пудра, тональды крем, тушьты көбірек іздейді. Оның астында бет терісі зақымданып жатыр. Сондықтан, келген қыздардың бәріне күннен қорғайтын крем, тоналды кремнің алдында жағатын база деген сияқты құралдарды алуды көбірек кеңес етеміз. Теріні күннен жыл он екі ай қорғау керек. Бізде керісінше күз болса, SPF керек емес деп ойлайды.
Қазір шүкір, бет күтіміне қатысты тапсырыстар жиі түседі. Онлайн тапсырыс берушілерге де барынша кеңес айтып, бір жиынтық бет терісіне сай жасап беріп жүрміз. Осы уақытқа дейін жағымсыз пікір алмадым. Тек жақсы пікір жазады", - деді дүкен иесі.
Дүкенде тек косметика емес, әйелдердің қажеттілігін түгел өтеуге кіріскен.
"Қазір косметикамен қоса сапалы әшекейлер, сөмкелер мен киімдер, іш киімдер қостым. Косметикалық заттарды Алматыдан, сөмке, киімдерді тікелей Пекиннен, әшекейлерді Түркиядан алдыртамыз. Жалпы болашақта әйелдердің бар қажетін сол жерден таба алатын дүкенге айналдырғым келеді. Кәсіби мамандармен кездесуді көбейткім келеді. Себебі қыздар кәсіби мамандарға жиі бармайды", - деді ол.
"Жігіттер қымбат зат алады"
Кәсіпкер жігіттер де бет күтіміне қатысты заттарға жиі тапсырыс беретінін айтты.
"Психологияны зерттеп жүргенімнен болар, келушілерді де зерттей бастадым. Қазір жігіттер өздеріне көбірек күтім жасайтынын байқадым. Ақшаларын да молынан жұмсайды. Онлайн тапсырыстардың біразын жігіттер береді. Соның ішінде қымбатын, сапалысын таңдайды. Ал қыздар, әйелдер ең арзанын алуға тырысады. Байқағаным, әйелдердің 70-80 пайызы арзан, ал жігіттер қауымының 70-80 пайызы қымбат зат алады. Әйелдер өзіне қимайды, оның үстіне жалқаулығы да бар сияқты. "Мынаның бәрін жағып жүремін бе?" деп бетіне толық күтіп жасағысы келмейді, меніңше бұл жалқаулық. Өз тәніңе деген құрметсіздік!
Менің қуанатыным - кәсіпке келмей тұрып, өзімді дамытып, психологпен жүйелі жұмыс істегенім. Себебі кәсіпте адамның жанын жейтін дүниелер, кедергілер болуы заңды. Оған қалыптасқан иммунитет болуы керек", - деді кәсіпкер.
Еске салайық, бұған дейін әншілерге сәнді дастархан тігетін дизайнер оларға неге жарнама бермейтінін айтқаны туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бір айда қанша килограмға арықтауға болады?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!