Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәліге қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Танымал әртіске Қылмыстық кодекстің 378-бабы бойынша "Билік өкiлiн өз қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде немесе оларды атқаруына байланысты қорлады" деген айып тағылды. Ал Төреғалиды ұстамақ болған 6 полиция қызметкері жәбірленуші деп танылды.
"Сотталушы Әлиханов (Төреғали Төреәлі - еск.) Қылмыстық кодекстің 378-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын, оған 40 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалсын. Сондай-ақ, одан жәбірленушілер пайдасына 17 мың теңге және сот шығындарына 19 мың теңге өндірілсін", - деді судья.
Сот барысында әнші қамауға алынбады: оған басқа бұлтартпау шарасы таңдалды. Осыған байланысты сотталушы Төреғали әр сот отырысына тергеу изоляторынан емес, үйінен келеді. Бұл жолы ол өзінің Lexus LX570 көлігімен келді, ол биыл жазда полициядан қашып кетпек болған.
Сот отырыстарында судья қылмыстық іс материалдарын зерттеді. Осылайша, полиция журналдарындағы жазбалар зерттелді, онда офицерлер өздерінің бейнежазбаларының нөмірлерін көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталған видеосы мен суреттері тараған еді.
Алматының полиция департаменті мәліметінше, 14 маусымда Майлин көшесінің бойында, солтүстік бағытта жергілікті полиция қызметінің мамандандырылған батальонының экипажы 1992 жылы туған А. есімді азаматтың Lexus автокөлігін тоқтатқан.
"Жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінді: ол агрессив болды, полицияның заңды талаптарына бағынбады, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтіріп, ұсталған орнынан қашып кетпек болды.
Құқықбұзушының жолы бұғатталды. Патрульдік полиция қызметкерлері оны ұстап, медициналық тексеріске алып барды. Сараптама нәтижесінде А. есімді азаматтың есірткіден мас екені белгілі болды", - делінген полиция хабарламасында.
Полиция Төреғали Төреәлінің ұсталған сәті анық көрінетін видеоны жариялады.
Ведомство мәліметінше, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 613-бабы 1-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 599-бабы 1-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 596-бабы 3-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 600-бабы 1-бөлігі және ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 230-бабы 2-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылған.
Көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Өндіріс материалдары шешім шығару үшін сотқа жіберілетіні хабарланды.
Кейін Қазнетте Төреғали Төреәлі Алматыда Land Cruiser айдап жүргені туралы хабар тарады.
Қамауда отырған Төреғали Төреәлі Алматыда көлік айдап жүргені рас па?
Алматының Полиция департаменті өкілдері бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
"Бұл - жалған ақпарат, яғни шындыққа жанаспайды. Әртіс Алматы полиция департаментінің әкімшілік-қамауға алынған тұлғаларға арналған арнайы қабылдау бөлмесінде әкімшілік қамауда өтеуді жалғастырып жатыр", - дейді тәртіп сақшылары.
Ал 18 шілдеде әнші бостандыққа шықты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!