- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Төреғали ажырасты, сұмдық"....
"Төреғали ажырасты, сұмдық". Танымал қазақстандықтар туралы тараған қауесеттер
Танымал адам болу оңай емес. Қандай да бір жағдайға байланысты лезде түрлі қауесет тарап кетеді. Кейде жұлдыздар өзі туралы естіген "өсекке" таңғалып жатады. Massaget.kz тілшісі Қазнетте қызу талқыланған қауесеттерге шолу жасады.
Арман мен Аша ажырасып кетті
2020 жылы желіде жұлдызды жұп Арман Қоңырбаев пен Аша Матай ажырасып кетті деген сөздер тарады. Мұндай қауесеттің тарауы да бекер емес еді: Арман мен Аша желідегі парақшаларында бір-бірін оқымай кетсе, 8 наурызда Арман анасы мен әпкесін ғана парақшасында құттықтаған еді. Одан бөлек, Арман мен Аша парақшаларында бірге түскен суреттерін де салмай кетті. Сондықтан әншілердің оқырмандары олар ажырасып кетті деген болжам жасаған.
Артынша, Аша Матай ортақ суреттерін салса да ажырасып кеткен деген қауесеттер айтылды. Ал Арман Қоңырбаев жұбайымен түскен ортақ суретін соңғы рет парақшасына 2019 жылдың желтоқсанында салған.
Алайда жақында Аша парақшада жазба жариялап, бұл мәселеге нүкте қойған секілді.
"Біздің отбасымызға - 7 жыл!" - деп жазды Аша.
Мақпал Исабекованың екі баласы бар
Әнші Мақпал Исабекованың оқырманы "Сіз бір сұхбатыңызда екі ұлым бар деп едіңіз. Олар қайда" деп сұрады. Тағы бір оқырманы әншінің егіз ұлы барын айтқан. Ал басқа оқырманының сөзінше, Мақпалдың "орыстың екі әншісінен ұлдары бар".
"Достар, болды, күліп болсақ, мұндай өсек әңгімелерді доғарайық, үстінен қоспаламай", - деді әнші.
Мақпалдың сөзінше, ол расында сұхбаттарының бірінде екі баласы барын айтқан. Бірақ бұл "өзің туралы қандай өсек естідің" деген сұраққа жауабы болған екен. Ал расында, Мақпалдың тұрмысқа шыққанға дейін баласы болмаған.
Әнші 2021 жылы мамырда тұрмысқа шыққан болатын. Бүгінде ол күйеуімен ұл тәрбиелеп отыр.
Ерке мен Қайрат Нұртас бірге ме?
Желіде қызу талқыланатын тақырыптардың бірі - жұлдызды жұптардың ажырасуы. Соның бірі Қайрат Нұртас пен жары Жұлдыз Абдукаримованың тағдыры. Әлеуметтік желіде жұлдызды жұп ажырасып кетті деген сөздер тараған болатын. Оқырмандардың бұлай ойлауына бір себеп - Қайрат пен Жұлдыздың бір-бірін әлеуметтік желіде оқымай кетуі. Одан бөлек, отбасылық отырыстарда Жұлдыз көрінбеген.
Артынша, әншінің оқырмандары Қайрат Нұртас Ерке Есмаханмен қосылды деген ақпарат тарады. Желі қолданушыларының бұлай ойлауына Еркенің Мальдив аралдарына Қайрат Нұртасқа туған күніне тосын сый ретінде құттықтап баруы себеп болған.
Алайда продюсер Гүлзира Айдарбекова да, Ерке Есмахан да бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Ерке жайлы лақап сөздерді тоқтатсаңыздар екен, Қайрат екеуінің арасында түк те жоқ, адал достығы болмаса. Тіптен Қайраттың басқада ойы да жоқ", - деді продюсер Желіде.
Ерке Есмахан да "Қайраттың отбасын бұзбаңыз" деп оқырмандарына үн қатты.
"Айналайындар-ау! Қайрат пен Жұлдыздың жанұясында шаруам жоқ! Екеуі де бақытты болсын, бала-шағасының қызығын көрсін! Жұлдыздың туған күні құтты болсын! Ал болып жатқан сынақтарға менің еш қатысым жоқ екеніне куә бір Алла! Куә - Нұртас әулеті, Жұлдыз және Қайрат! Ал кейбір өсек қуғандар өздеріңіздің лас, пасық ойларыңызды маған тықпаңыздар. Не десеңіздер де мен одан жаман болып кетпеймін, сіздердің әр айтылған сөздеріңіз өздеріңізге айналып келеді. Бірақ мен барлығыңызды кешірдім, жақсы көрем! Алла сана мен сабыр берсін! Біліп жүріңіздер, Қайратпен дос, әріптес, сырлас, бауырмыз! Гүлзира әпкемен подружкамыз! Ал қуаныштарынан қалмай, суретке түссем өз қалауым, сыйластығым! Адам күні адаммен деген сөзді ұмытпайық! Қайраттан басқа жігіт табыңыздар енді маған!" - деп жазды әнші.
Мәдина Сәдуақасова да ажырасып кетті
Оқырмандары "ажырастырып жіберген" тағы бір әнші - Мәдина Сәдуақасова. Желіде осындай әңгіме тарағаннан кейін әншінің өзі "Ревю" бағдарламасына берген сұхбатында оқырмандарының күдігін одан ары еселеп жіберді.
"Мен жолдасыма қатысты ешқандай сұраққа жауап бермей-ақ қояйыншы. Пікір білдірмеймін. Көрермендер түсінеді деп ойлаймын", - деген еді Сәдуақасова.
Артынша, Instagram желісіндегі парақшасына тек өзін, не баласымен түскен суреттерін ғана жариялайтын болды.
"Жолдасың қайда?", "Шынымен, ажырасып кеткен сияқты", "Неге өзің ғана демалып жүрсің", - деп сұрады оқырмандар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Димаш Құдайберген қырғыз ба?
YouTube-те "Димаш қырғыз ба?" деген видео тарап кеткен болатын. Видеода әнші "Қазақтарда ру деген түсінік бар. Менің руым - қырғыз" дейді.
Ал қазақ халқында қырғыз руы барын білмеген адамдар әнші расында қырғыз екен деп ойлап қалған.
Артынша, әншінің әкесі Қанат Айтбаев та бұл ақпаратты жоққа шығарған еді.
Мейрамбек Бесбаевтың "қатерлі дерті"
Былтыр Желіде әнші Мейрамбек Бесбаев қатерлі дертке шалдығып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққаны туралы хабар тарады. Ал шын мәнінде, коронавирус жұқтырып, қысымы көтеріліп, жансақтау бөліміне түскен болатын.
Бұл туралы әншінің әріптесі Сәкен Майғазиев хабарлаған еді.
Одан бөлек, мұндай қауесеттің тарауына әншінің зоб ауруынан емделіп жүргені себеп болуы да мүмкін. "Ережесіз әңгіме" бағдарламасына берген сұхбатында денсаулығын тексерту үшін жылына екі рет шетелдік дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр екенін айтқан болатын.
Тағы бір ажырасып кеткен әнші
"Төреғали ажырасты, сұмдық". Бұл Интернетте тараған кезекті "өсек". Төреғали Төреәлінің өзі де осы суретті бөлісіп, реакциясын білдірген еді.
"Сұмдық...", - деп жазды әнші.
Шын мәнінде, әнші жары Толқынмен ажыраспаған. Бүгінде олар үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр.
Ал адамдар неге өсек айтатынын білгіңіз келсе, МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы өтіп, оқи аласыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина