Белгілі әнші Жеңіс Ысқақова Алматы әкімінің Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуінде жанайқайын жеткізіп, тұрғын үйге қатысты проблеманы шешуін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Әншінің сөзінше, құрылыс компаниясы өзі тұратын көшеде талапты сақтамай, көпқабатты тұрғын үй салып жатыр. Ал бұл көше тұрғындарына қолайсыздық тудырып отыр.
"Шұғыла ауданы Нұрлы таң көшесінің тұрғынымын. Осы көше тұрғындарының атынан келіп тұрмын. Құрметті Ерболат Асқарбекұлы, сіз әкім болып келгелі осы қалаға жасап жатқан еңбегіңізді, қала тұрғындарының жағдайын жақсартып жатқаныңызды білеміз, бағалаймыз, әлде де сенеміз. Сондықтан келіп тұрмыз. Көктем шыққалы біздің көршілердің мазасы кетті. Өйткені Sensata құрылыс компаниясы көпқабатты үйлер сала бастады. Бұл жерде көп заңсыздық бар, техникалық қауіпсіздік сақталмаған. Оның барлығын қазір айтамын. Көрші Ресейдің құрылыс заңдылығына қарасақ, жер үйлер мен биік үйлердің арақашықтығы 50-60 метр болуы керек дегенді көрдік. Ал біздің заңдылықта ондай жоқ. Мүмкін сондықтан болар жеке үй мен салынып жатқан 12 қабат үйдің арасы тым жақын. Өйткені құрылыс барысында құрылыс бөлшектері біздің есігіміздің алдына түсіп жатыр. Ол бір. Жол салынбаған. Өйткені таңертеңнен кешке дейін ауыр жүк көліктері жүрген кезде тұрғындар шаңға көміліп отыр. Жел тұрғанда, топыраққа көміліп қаламыз. Құрылыс барысында 10.00-ға дейін жұмыс істейді, түнімен прожектор жанып тұрады. Кейде "әй, қойсаңдаршы" деп айғайлаймын. "Қоймаймыз" деп жауап береді. Жер үйлердің маңына 12 қабат етіп үй салуға бола ма? Күнді жауып тастайды, самал желді жауып тастайды. Соған көмектессеңіз", - дейді әнші.
Алматы әкімі бұл сауалға жауап беріп, тапсырма берді.
"Кешірерсіз, менде салынған үйлердің сұрағы көп. Норматив жағынан сұрағыңыз дұрыс. Бірақ осы Алматыда маусымнан бастап қала құрылысы кеңесін құрдық. Сол жаңа жобаларды қарайды. Ал енді сіздің сұрақтарыңыз туралы тапсырма берейін, ГҚК деген басқармамыз бар, өздеріңіз жазсаңыздар, тапсырма берейін. Sensato-ны тауып, қалай салып жатқанын тексерсін. Нормативтер дұрыс па? Кешке жұмыс жағынан, бәрін қалпына келтірсін. Сіздердің мекенжайларыңызды алсын", - деді Алматы әкімі.
Айта кетейік, бұған дейін де әнші әлеуметтік желіде бірнеше мәрте осы мәселені көтерген болатын.