- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Топпен бірге бәйгеге...
"Топпен бірге бәйгеге шапқанда сегіз жаста болдым". Өскемендік шабандоз қыз аламанда жүлде алып жүр
Облыстағы Ұлттық спорт түрлері бұрынғы қарқынын енді ала бастаса да, көпшіліктен суырылып шығып, нәтиже көрсетіп жүрген жеткіншектер аз емес. 12 жастағы өскемендік Жанель Сауменова жасөспірімдермен қатарласа бәйгеге шауып, аламандарда олжа салып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өзінің айтуынша, қылқұйрықтыға қызығушылығы бес жасынан басталды. Содан бері жаттығуын үзген емес. Жанельдің жетістікке жетуіне себепші болып жүрген анасы Александра Дэнды айта кеткен орынды. Қызы екеуі рауан таңнан тұрып, өздерінің ат клубында дайындық жүргізеді. Негізінен Жанельдің жанұясы Өскемендегі Жібек-маталар комбинаты ықшам ауданында тұрады. Тек ат клубы қала шетіндегі Желдіөзек ауылында орын тепкен.
Әкесі Мараттың жеке кәсібі бар. Жұбайы екеуі бес баланы тәрбиелеп отыр. Жанель үйдің үлкені.
"Алдымен атпен желіп келе жатып кедергілерден секіруді үйрендім. Басында біршама қиын болды. Бірақ қандай қиындықтарға тап келсем де бойымда қорқыныш сезімі болған жоқ. Ал топпен бірге бәйгеге алғаш шапқанда сегіз жаста едім", – деп қосты ол.
Өзі айтқандай-ақ, алғашқы жарысында Күршім ауданында өткен бәйгеде 15 шақырымға шапты. Сөзінше, ауыздықпен арпалысқан небір жүйріктер жүлдеден үмітті болды. Әйткенмен Жанель сол сында мәре сызығын 30 минут 15 секундта кесіп өтіп, үздік үштікті түйіндеді.
"Қатты қуанғанымнан жанарымнан жас ыршып, орын алғаныма сенерімді білмедім. Аттан түскенде аяғымның қатты талғанын сездім. Сол жарысқа анам екеуіміз тыңғылықты дайындалдық. Күн сайын шамамен бір сағат уақытты жаттығуға жұмсадық. Былай аптасына кемі үш рет атқа мінемін", – деді кейіпкеріміз.
Күршімнен кейін Семей қаласына қарасты Шүлбі кентінде өткен аламанда бақ сынады. Бірақ бесінші орынмен шектелді. Аз уақыттан соң Ұлан ауданындағы 15 шақырымдық бәйгеде екінші, үшінші орындардан көрінді. Қаршадай қызға үнемі үздіктер қатарынан көріну қиын еді. Былтыр Катонқарағай жерінде өткен бәйгеде 50 шабандоздың арасынан мәреге алтыншы болып жетті.
"2022 жылы мен қатысқан соңғы жарыс – Марқакөл ауылында ұйымдастырылған 25 шақырымдық аламан. Сөреге 60-қа тарта сәйгүлік тізілді. Мұнда да мәреге алтыншы болып келдім. 25 шақырымдық аламан – мен үшін ең ұзақ қашықтық болып тұр. Өзім қатысқан барлық жарыста дерлік, ұлдардың арасында жалғыз қызбын. Бұған көп адам таңырқай қарайды. Шамасы, "осындай талдырмаш қыз топты көрсе тыпырши бастайтын тұлпарды қалай тізгіндейді?" деп ойға қалатын сияқты", - деді шабандоз қыз.
Тақымы берік қыздың анасы Александра Ден де кішкентай кезінен атқа мінген. Жылқыға жақын болуына нағашы атасы көп әсер еткен көрінеді. Қазірде жолдасының қолдауымен бірнеше жыл бұрын ашқан ат клубында шәкірт тәрбиелеуде. Желдіөзек ауылында орналасқан клубта арнайы жаттығу алаңы бар, келушілер қарасы үзілмейді.
"Бір сағаттан аптасына үш рет атқа мінеді. Орташа алғанда 30-ға жуық бала келеді. Бағасы – айына 15-20 мың теңге аралығында, егер бір сағат жаттығамын десе екі мың теңге төлейді", – деді шабандоз қыздың шешесі.
Атап өтерлік жайт, Жанель биыл аймақтық ұлттық спорт ойындарында қыз қууға қатысып, үздік шықты. Өзінің жұбын алдын орап, жасөспірімдерді тегіс қапы қалдырды.
"Әлеуметтік желіде отырып, уақытты құр кетіргенше, спортпен айналысқандары жөн. Бір жағынан бұл иппотерапия. Созылмалы сырқаты бар кейбір адам осы арқылы бойын тіктеп, уақыт өте келе өздерін жақсы сезіне бастайды. Жылқы – киелі жануар. Атқа мінгенде арқаң тіктеліп, барлық бұлшық етің қозғалады", – деді Александра Ден.
Асыл Бигелді
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы