Топ-11: Қазақстанда пойызда не істеуге болмайды?

Топ-11: Қазақстанда пойызда не істеуге болмайды?
Фото: ҚТЖ

Барлық жолаушының қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін пойызда сақтау керек жалпыға ортақ ережелер бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жолаушылар тасымалы" компаниясының баспасөз қызметі Tengri Travel-ге пойыздарда не істеуге болмайтынын айтты.

Билетсіз жүру

Жолаушыларға вагонда билетсіз жүруге тыйым салынады. Жолсеріктер мен тексерушілер кез келген уақытта сізден билет талап етуге құқылы.

Балаларды растайтын құжаттарсыз тасымалдау

Баланың жеке басын куәландыратын, туыстығын (немесе заңды қамқоршылығын) растайтын құжаттарсыз, сондай-ақ егер бала үшінші тұлғалармен саяхаттаса, нотариалды куәландырылған сенімхатсыз тасымалдауға қатаң тыйым салынады.

Рәсімделмеген багажды алдын ала төлемсіз алып жүру

Алдын ала төлемсіз және рәсімделген құжатсыз белгіленген нормадан асатын (бір жолаушыға 35 килограмнан астам) багажды тасымалдауға тыйым салынады.

Жануарларды тиісті құжаттарсыз тасымалдау

Жануарларды ветеринарлық құжаттарсыз тасымалдауға тыйым салынады. Қажетті құжаттар болмаған жағдайда жолаушыны пойызға отырғызбайды.

Пойызда темекі шегу

Пойыздарда темекі шегуге қатаң тыйым салынады, оның ішіне кәдімгі темекі мен электронды темекі де кіреді. Жолаушы бұл тыйымды бұзса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылуы және оның жақын маңдағы станциядан түсіп қалуына әкелуі мүмкін.

Тоқтату кранын қажетсіз пайдалану

Тоқтату кранын негізсіз пайдалануға қатаң тыйым салынады. Бұл пойыздың жүру кестесін бұзуы, басқа жолаушыларға қолайсыздық тудыруы және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Тыйым салынған заттарды тасымалдау

Пойызда есірткі, жарылыс қаупі бар заттарды тасымалдауға қатаң тыйым салынады. Мұндай бұзушылықтар анықталған жағдайда жолаушы құқық қорғау органдарына жіберіледі.

Агрессия көрсету немесе жанжал тудыру

Физикалық немесе психологиялық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне, соның ішінде ауызша қорлауға қатаң тыйым салынады. Жолаушылар бұл ережені бұзса, оларды жақын маңдағы станциядан шығарып жіберуі мүмкін.

Жүріп бара жатқан пойыздан шығу

Мұндай әрекеттер адам өмірі мен денсаулығына өте қауіпті, сонымен қатар ол ережелерді бұзу болып саналады. Пойыздан тек станцияларда және оған арналған есіктер арқылы шығуға болады.

Вагонды ластау немесе мүлікті бұзу

Вандализмге, вагондарды ластауға және "жолаушылар тасымалы" компаниясының мүлкіне зақым келтіруге тыйым салынады.

Алкоголь ішу

Мейрамхана вагондарын қоспағанда барлық пойыз вагонында алкоголь ішуге тыйым салынады. 

Баспасөз қызметі бұл талаптар жолаушыларды, багажды және жүк-багажды теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне сәйкес белгіленгенін атап өтті.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда пойызға кешігіп қалсаңыз, билеттің ақшасын қайтара аласыз ба?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жапатова