“Төңкеріс“ жасауға әбден машықтанған мамандар“. Тоқаев Қаңтар оқиғасы туралы айтты

“Төңкеріс“ жасауға әбден машықтанған мамандар“. Тоқаев Қаңтар оқиғасы туралы айтты
Фото: Видео кадры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетіне берген көлемді сұхбаты жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Тағы бір өзекті тақырып. Қаңтар оқиғасына қатысқан бірқатар азаматқа байланысты сот процесі туралы ақпарат БАҚ беттерінде былтыр ара-тұра жарияланып тұрды. Тергеу амалдары әлі жүріп жатыр ма?" деген сұрақ қойылған.

"Бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болды. Сол оқиғалар бойынша тергеу жүргізу кезінде құқық қорғау органдары азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бірқатар қоғамдық комиссия құрылып, оған белгілі заңгерлер жетекшілік етті. Мұндай қадам жұмыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқиғаның ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік берді. Осы орайда, азаматтық жауапкершілік танытып, кәсіби біліктілігін көрсеткені үшін оларға ризашылығымды білдіргім келеді. 2022 жылғы наурызда Парламентте арнайы қоғамдық тыңдау өтіп, бұл оқиғаға және еліміздің конституциялық құрылымын бұзбақ болған қылмыскерлердің әрекетіне егжей-тегжейлі баға берілді. Иә, кейбір сот процестері, сондай-ақ, қаңтарда ұрланған көптеген қаруды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан аса қару-жарақты иемденіп кеткен еді. Бірақ күштік құрылымдардың арқасында қару-жарақ жасырылған қоймалардың көбі табылды", - деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбіне сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді.

"Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалғандай адам сенгісіз жағдайлар болғанын да естен шығармау керек. Нақтырақ айтқанда, бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды. Оның арты қаскөйлердің облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды.

"Төңкеріс" жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі. Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті. Осындай жағдай, әсіресе, бүлікшілердің басты нысанасы болған Алматыда анық байқалды. Әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатты қорлыққа ұшырады. Әкімшілік ғимараттар, сауда орталықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты. Мұндай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр", - деді Президент.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget