- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоңазытқыш пен теледидарға...
Тоңазытқыш пен теледидарға дейін бар: Түркістан облысында тегін дүкен ашылды
Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында ерекше дүкен бар. Онда киім-кешек, ыдыс-аяқ, көрпе-төсек, тіпті тұрмыстық техникаға дейін бәрі тегін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұқтаж болсаңыз оның шетінен аласыз, ал керісінше артық болса, ол жерге апарып өткізе аласыз. Тапқаны тамағынан артылмайтын отбасылар үшін бұл - тығырықтан шығудың бір жолы. "Төрткүл тегін заттары" дүкенінің ашылатыны жайлы хабар небары 20 күндей бұрын хабарланған. Алайда осы аралықта оның іші жылдың төрт мезгіліне арналған киім-кешектер мен өзге де бұйымдарға, тіпті тұрмыстық техникаға толып үлгірген. Игі істі ұйымдастырушылар кез келген адам қайырымды шараға атсалыса алатынын, қазіргі уақытта бастама ауыл тұрғындары тарапынан қызу қолдауға ие болғанын айтады.
Дүкен иесі Едіге Амангелді "Басында жұрт қалай қабылдар екен деп біраз жүрексініп едік. Мұндай бастамаға негізі өзіміз тұтынбайтын, бірақ жаңа киімдер мен бұйымдар, тіпті жиһаздар тұр үйде, тастауға обал, соған мұқтаж жандар тауып бере аласыз ба?"- дейтін біршама жандар себепкер болды, шыны керек. Себебі біреудің үйіне апарып беруге ыңғайсызданған, оларды төменшіктеткендей болмайық деп. Содан міне ойластыра келе, осындай орталық ашуды ұйғардық. Шүкір, алатындар да, беретіндер де табылып жатыр. Ауылымыздың азаматтары киімдерді, заттарды алып игілігіне пайдаланса, бізге соның өзі - қуаныш", - дейді.
Төрткүл жұрты сауапты іске келгенде өте ұйымшыл екенін көрсеткен. Бірінен-бірі асып түсуге тырысып, жақсылық жасаудан жарысқа шығып кеткендей. Ал мұқтаждары бұл жерден керегін алып кетуге еш арланбайды. Себебі мұнда бәрі таза, еш жері сынбаған, техникалық бұйымдар да істейді. Өйткені дүкен иелері оларды қабылдарда әбден тексеріп алады. Жыртық-жамау, сынық-қисық алушының көңіліне тиетіні айтпаса да түсінікті емес пе? Мәселен, алты баланың анасы Жазира Бейсенова тегін заттар дүкені ашылғалы біршама уайымнан арылғанын айтады. Өйткені қымбатшылық қысып тұрған шақта бір емес, бірнеше балаға киім-кешек, т.б сатып алу тіпті мүмкін болмай кетсе керек.
"Іздегенге - сұраған" дегендей, міне, қайырымды жандар осындай мүмкіндік туғызып қойды, бәрі тегін, кел де, ала бер", - дейді ол.
Өзі мұнда ұлдарына жазғы маусымға арналған жеңіл киімдер іздей келіпті.
"Шалбар, көйлек бер жағы, мұнда перде мен кілем, ыдыс-аяқ, тіпті теледидар мен кір жуатын машинаға дейін әкеліп жатыр біреулер. Біреулер соны алып жатыр. Бұл дүкен кеңейе берсін", - дейді Жазира.
Айта кетейік, дүкен ғимаратын жалға берушілер де нысанды тегін ұсынып жатса керек. Бұл - елімізде азаматтық қоғамның бастау алып жатқанының нақты көрінісі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы