- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Толық тексерістен өтті"....
"Толық тексерістен өтті". Балдәуренде көз жұмған жасөспірімнің онкология ауруы болмаған
"Балдәурен" сауықтыру орталығында көз жұмған жасөспірімнің ешқандай онкология ауруы болмаған, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Бурабайдағы "Балдәурен" сауықтыру орталығында көз жұмған жасөспірімнің ешқандай онкологиялық ауруы болмаған. Дәрігерлердің айтуынша, лагерьге кетерден бес күн бұрын ғана толық медициналық тексеруден өткен Нұрдәулет Манаптың денсаулығынан еш кінәрат таппаған.
"Біз сараптама тұжырымымен мүлдем келіспейміз! Оның ағзасында қаны аз, бойында қатерлі ісік бар деуі тіпті дұрыс емес. Лагерьге барар алдында ғана толық тексерістен өтті. Сол кезде қатерлі ісіктің бір белгісі болмас па еді?! Тап-таза, еш сырқат табылмаған. Біз бұны бұлай қалдырмаймыз", - Хромтау ауданы ауруханасының бас дәрігері Мақсат Серғазин.
Нұрдәулет Манап лагерьге аттанар алдында тексерістен өтіпті. Дәрігерлердің айтуынша, анализінің бәрі дұрыс болған. Оның үстіне, жасөспірім ешқандай есепте тұрмаған. Тіпті онкология ауруы да болмапты. Алайда баланың денесіне сараптама жасаған Көкшетаудағы мамандар марқұм қатерлі ісіктен көз жұмды деді. Тіпті ұлының денесін алып кетуге келген туыстарына нақты өлім себебі жазылған бір жапырақ қағаз ұстатпаған.
Нұрдәулеттің түнімен іші ауырып, таң ата жедел жәрдем келгенше қайтыс болды дейді лагерь басшылары. Бұл оқиғаға қатысты қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр.
"11 қаңтарда жасалған сараптамада баланың өліміне ағзаның қан аздығы және жамбаста қатерлі ісіктің пайда болуы себеп болған. Тергеу жалғасып жатыр", - деді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек