Америкалық отбасы асырап алған қарағандылық Айнаштың жасы 22-де. Қазір университетте қоғаммен байланыс мамандығы бойынша білім алып жатыр. Болашақта балалардың құқығын қорғайтын ЮНИСЕФ ұйымында жұмыс істегісі келеді. Ол биологиялық ата-анасы туралы "Шетелдегі қазақ балалары" жобасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айнаштың айтуынша, биологиялық анасы басы бос емес еркекпен танысып, сүйіп қалған.
"Ол үйленген адам екенін білмеген, ол да айтпаған. Екеуінің арасында ғашықтық жыры басталыпты. Біршама уақыттан соң еркек әйелі бар екенін айтып, кетіп қалған. Биологиялық анам ол кеткен соң маған аяғы ауыр екенін біліпті. Ал сүйген адамы ат-тонын ала қашыпты. Биологиялық анамның дәстүрінде некесіз бала табу деген күнәға батумен бірдей екен. Сөйтіп, ол 9 ай бойы тығылып-қашып жүріп, мені туа салысымен балалар үйіне тастап кетіпті", - деді ол.
Айнаш биологиялық анасының басқа амалы болмағанын айтты.
"Асырап алған ата-анам биологиялық анаммен таныстырып, кездестірді. Бірақ ел көзінен таса жерде кездесуді қалады. Өйткені менің бұл өмірде бар екенімді ешкім білмеуі керек. Сөйтіп, бәрі құпия өтті. Оның қазіргі жұбайы менің бұл өмірде бар екенімнен хабарсыз. Биологиялық анамның аузынан алғаш рет өзімнің өмірбаянымды естідім. Неге екенін білмеймін, ашуым келіп, ызаға булықтым. Оның өзін-өзі кінәлағаны ғана мені жұбатқандай болды. Мен оған барлық жағдайымды, жақсы өмірімді айттым. Ол маған қарап, "енді өлсем де арманым жоқ" деді. Сол сөздері жанды жазғандай болды. Оны толық кешірдім деп айта аламын ба, білмеймін. Есейген сайын оның сол кездегі күйін түсіне бастайсың", - деді ол.
Биологиялық анасының Айнаштан бөлек тағы екі қызы бар екен.
"Оның менен үш жас үлкен қызы бар екен. Қазіргі жолдасынан тағы бір қызы бар. Егер менің көзімді құртпаса, сол қызымен далада қалатын, үйден қуып шығатын еді. Басында аборт жасатқысы келген, бірақ ақшасы жетпепті. Сөйтіп, қызы және өзі үшін мені құрбан етіпті.Осылай етуге мәжбүр болыпты. Ал биологиялық әкем көлік апатына ұшырап, қайтыс болыпты", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!