- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- демалыс күндер
Толық қалыпқа келу үшін мерекеде қалай демалу керек?
Күшіңізді қалыпқа келтіру үшін өз қажеттіліктеріңізді түсіну және тиімді демалу әдісін табу маңызды. Демалыс және мереке күндер - қайта қалыпқа келуге керемет мүмкіндік. Алайда оны дұрыс ұйымдастыра білу керек. Massaget.kz өзіңізді шынымен де демалғандай сезінуге көмектесетін қарапайым әдістерді ұсынады.
Жалқаулығыңызды қабылдаңыз
Егер сіз ештеңе істегіңіз келмейтінін сезсеңіз, ағзаңызға шынымен де демалыс қажет болуы мүмкін. Әрекетсіздік үшін өзіңізді кінәламаңыз: өзіңізге кем дегенде бір сағат ештеңе жасамауға мүмкіндік беріңіз. Терезенің алдына отырып, сырттағы көріністі бақылаңыз немесе өзіңізге ойлануға уақыт беріңіз. Көбісі уақытты бос кетіріп жатырмын деп өзін кінәлап, демала алмайды. Бірақ демалу қажеттілік екенін ұмытпаған жөн. Кем дегенде бір күн тек қалағаныңызды жасап, жоспарсыз өмір сүріп көріңіз. Бұл тіпті жаңа қызығушылықтар мен шабыт табуға көмектесуі мүмкін.
Балалар ойынын ойнаңыз
Балалық шақта сізді не қуантатын еді? Мысалы, ол қар лақтырып ойнау, аққала жасау немесе шанамен сырғанау болуы мүмкін. Осы әрекеттерді қайта жасаңыз: олар тек рахат әкеліп қана қоймайды, сонымен қатар жеңілдік сезімін береді. Егер далада қар аз болса, құстарды тамақтандырыңыз немесе аулаңыздағы ағаштарды безендіріңіз. Бұл демалуға ғана емес, өзіңізді жақсы сезінуге де көмектеседі.
Шығармашылықпен немесе қолөнермен айналысыңыз
Мысалы, тоқу, сандар бойынша бояу немесе үй декорын жасап көріңіз. Қолөнер мазасыз ойлардан арылтады және демалтады. Керамика немесе сурет салу бойынша мастер-класқа жазылыңыз. Осылайша, сіз демалып қана қоймай, есте қалатын ерекше зат жасайсыз.
Тыныштықта қалуға уақыт табыңыз
Тыныштық ішкі ресурстарды қалпына келтіруге және өз қалауыңызды тыңдауға көмектеседі. Өз ойларыңызбен жалғыз болу үшін күніне кем дегенде 15 минут жеткілікті. Мысалы, таңертеңгі кофені телефонсыз немесе кітапсыз ішіңіз немесе құлаққапсыз саябақты аралаңыз. Мұндай қарапайым тыныштық сәттері күйзелісті азайтады және үйлесімділікке жетуге көмектеседі. Эмоционалды тепе-теңдікті сақтау үшін осыны әдетке айналдырыңыз.
Жағымды ритуал ойлап табыңыз
Күнді өнімді өткізу үшін таңғы бесте ояну міндетті емес. Бірақ түске дейін төсекте жату да жақсы идея емес. Өзіңіздің денсаулығыңыз бен көңіл күйіңізді сақтайтын ыңғайлы режимді орнатыңыз. Сізді ертерек тұруға ынталандыратын рәсімді ойлап табыңыз. Бұл дәмді таңғы ас дайындау, аз уақыт серуендеп келу немесе медитация болуы мүмкін. Ең бастысы, ол сізге ұнайтын іс болуы керек.
Барлық нәрсені демалыс күндері жасап тастауға асықпаңыз
Жұмыс күндері істей алмаған нәрсенің барлығын демалыс күндері үлгеруге тырыспаңыз. Жасалмаған шаруаларды тізіп жазып, алдағы күндерге бөліңіз. Алайда қажет болса, жоспарды өзгертіңіз. Кейде шулы кешке барғанша үйде демалған пайдалы. Бастысы, өзіңізді тыңдап, белсенділік пен демалыстың арасында тепе-теңдік сақтаған дұрыс.
Оқи отырыңыз: Демалыс күндері демалуға кедергі келтіретін 7 қателік
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жапатова