Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасы тасжолда өртенді деген жедел жәрдем көлігіне қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін полиция Алматы-Өскемен тасжолында толғатқан әйелді алып бара жатқан жедел жәрдем көлігі өртенгенін хабарлаған еді. Жақын маңдағы полицияның автопатруль қызметі жүкті әйелді ауруханаға жеткізген. Polisia.kz мәліметінше, жедел жәрдем көлігі әрі қарай жете алмаған.
"Дәрігерлер Қабанбай ауылынан толғағы қысып, ауырған жүкті науқасты Үшарал қаласына жеткізбек болғаны белгілі болды. Біздің қызметкерлер Айдын Ғазизов пен Данияр Жақсыгелдинов әйелді дереу полиция патрульіне салып, ауруханаға жеткізді, оған қажетті көмек көрсетілді", - деді Жетісуға облыстық Полиция департаменті ППБ бастығының орынбасары Абылай Беркендіков.
Алайда Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері басқа мәлімет айтты. Олардың айтуынша, көлікте өрт болмаған. Олардың мәліметі бойынша, 36 жастағы жүкті әйелді Алакөл орталық аудандық ауруханасына жеткізу кезінде жол полициясының қызметкерлері Үшарал қаласындағы көпір алдындағы сақинада газ шығаратын түтіктен түтін шыққандығына байланысты санитарлық көлікті тоқтатқан.
"Автокөлікті тексеру кезінде оның себебі анықталды. Беріліс қорабының тығыздағышынан майдың ағуы анықталып, жойылды. Өрт белгілері мен электр сымдары, бояу және қозғалтқыш бөліктерінің зақымдануы анықталған жоқ. Жол полициясының бастамасымен жүкті әйел учаскелік дәрігер мен акушердің бақылауымен Алакөл орталық ауруханасына жеткізілді", - деді дәрігерлер.
Кейінірек жүргізуші орталық аудандық ауруханаға барды, онда көлікті аурухананың аға механигі қосымша тексерді.
Өрт белгілері, ақаулар табылмады, соған байланысты жол жүру жалғасты. Қайтар жолда Көгірім асуында оларды жол полициясы қызметкерлері тоқтатып, олардың бастамасы мен ұсыныстары бойынша жазба жасалған. Қызметкерлер діттеген жеріне аман-есен жетті", - деп толықтырды Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!