Тоқтар Серіков: “Мақтанғаным емес, төрт ұлымның төрт үйір жылқысы бар“

Тоқтар Серіков: “Мақтанғаным емес, төрт ұлымның төрт үйір жылқысы бар“
Фото: instagram.com/toktar_beibit/

Танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тоқтар Серіков балаларына берген еншісі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол бұл туралы "Әйгерім Сейфолланың сырласуы" бағдарламасында сөз қозғады. 

Жұлдызды жұп Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева бағдарламада қонақ болып, бала тәрбиесі туралы айтып, Астанаға көшпей жүруінің себебін бөлісті. 

"Астанаға көшкіміз келіп еді. Бірақ Астана суық. Негізі әлі де елордаға көшкіміз келеді. Көшпеуіміздің себебі ауа райында емес. Қазір балаларымыздың жағдайына қарап көше алмай жүрміз. Мына жақтағы мектепке бауыр басып қалды және ұстаздары өте мықты", - деді Тоқтар Серіков. 

Әншінің айтуынша, балалары қалада оқыса да, ауылға жиі барады екен. Тіпті ауылда үйір-үйір жылқысы бар көрінеді. 

"Балаларымды ауылға, атқа жақын етіп тәрбиелегім келеді. Қара шаңырақта інім ғана бар. Бұрынғыдай әке жоқ, шеше жоқ. Сонда да жиі барып тұрамыз. Мені мақтанып отыр деп ойлап қалмасын, бірақ айтайын. Ауылда шаруашылығым бар. Төрт ұлыма төрт үйір жылқы жіберіп қойғанмын. Әрқайсысы өз үйірінде қанша бас барын жақсы біледі. Еншілеп, солай қойып қойғаным бар. Оны дүние, байлық ретінде емес, иесі мен екенмін ғой, әкемнің бір ісіне жарайды екенмін ғой деген ойы болсын деп жасап қойғанмын. Асау үйрететін жасқа жетпеді. Бірақ басқасының бәрін біледі", - деді Тоқтар Серіков. 

Өнер иесі балалары үшін тек жылқы емес, төбет, тазы да сатып алыпты. 

"Ұлдарымның бір-бір иті бар, төбет те, тазы да. Енді бүркіт, қаршығаға қызығып жүр. Бірақ бұл жағы қиындау болып тұр. Оны баладай бағу керек. Оған менің уақытым жетпейді. Өзім тәрбиені ауылдан алдым, сондықтан елге жақын болсын деп жасап жатырмын", - деді ол. 

Еске салайық, биыл жазда ауылға барып қайтқан әнші марқұм анасына арналған жантебірентерлік жазба жариялаған еді. 

"Ауылға барып қайттым. Сол баяғы қалпында тұр. Тек мен сағынып баратын адамдардың табылмағаны болмаса. Алтындарым-ай, бір көрсем арманым болмас еді ғой. Анашымның жалғыз бауыры Нұрат нағашыма амандасып қайттым. Нағашымда қарттықтың кемесіне мініп алыпты, түскісі жоқ. Анамды көргендей, иіскеп, мауқымды басқан болдым. Амандығыңды тілеймін, Алладан нағашы", - деп жазған еді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Ибраева