“Тоқтаңдар, өлтіресіңдер ғой“: Шерзат ісі бойынша куәгерлер сотта не айтты?

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысында куәгерлерден жауап алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот отырысында Талғар тұрғыны Сәкен Әкежановтан жауап алынды, оның үйі "Қамажай" дүкеніне қарама-қарсы орналасқан. Куәгердің айтуынша, ол айыпталушылармен де, марқұм Шерзатпен де жеке таныс болмаған, бірақ оларды бұрын дүкеннен көрген. Қайғылы оқиға кезінде ер адам үйінде болған, кейін оғаш дыбыстар естіген.

"Әйелдің "жедел жәрдем шақырыңдар" деген даусын естідім", - деді Әкежанов.

Оның айтуынша, далаға қарағанда, он шақты адамнан тұратын топты байқаған. Куәгердің сөзінше, олардың бірі екіншісін ұрып жатқан. Ол: "Жігіттер, тоқтаңдар, өлтіресіңдер ғой" деп айғайлаған.

Одан бөлек сотта Арлан Құсайынов пен ағайынды Данияр Жанболатұлы, Дарын Жанболатұлы болған оқиға туралы айтты. Олардың сөзінше, сол түні кездейсоқ жағдайда оқиға орнына жақын маңда болған, оқиға қатысушыларымен таныс емес.

Данияр әкімдік маңында достарымен бірге болғанын айтты. Бір кезде анасы қоңырау шалып, үйге шақырған. Әңгіме барысында ол айғайлаған дауыстарды естіп, достарымен бірге Шота Руставели көшесіне қарай барған.

"Олар Шерзаттың достары болған сияқты. Біреуінің басы қан болды. Қалғандары уайымдап, қорқып тұрды. Біз не болғанын түсінбедік, әдеттегі төбелес деп ойладық", - деді Данияр.

Ол тасжолдан оқ пен қан іздерін байқаған. Оның бауыры Дарын да мұны растап, жерде жатқан екі патрон мен кілттерді көргенін айтты.

Олардың сөзінше, бір әйел келіп, ұлы қайтыс болғанын айтқан. Кейінірек бұл Шерзат Болаттың анасы екені белгілі болған. Әйел дүкендегі бейнебақылау камерасынан видеоны қарау үшін ноутбуктың қуаттағышын сұраған.

Сотта куәгер Наргиз Низаметдинова да сөйледі. Қайғылы оқиға кезінде ол үйінде болған. Ол басқа куәгерлердің айғақтарын растады.

Наргиздің сөзінше, айғайдан оянған. Алдымен ол "Балам, балам!" деп айғайлаған әйелдің даусын естіген.

"Дүкеннің маңында бір жігіт тұрып, "Ат!" деп айғайлады. ...Анасы айғайлап, ұлын қорғауға тырысты", - деді куәгер. 

Шерзат ісі бойынша сот отырысы

2025 жылы 10 cәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі басталды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тікелей эфирден көрсетіледі.

Бұған дейінгі сот отырыстарында жәбірленуші тарап өкілдері, яғни марқұмның әжесі, ата-анасы, одан бөлек куәгерлер сөйледі.

Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?

Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.

Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.

"Қазақ болып күресеміз". Заңгер Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі соңына дейін жеткізетінін айтты.

Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды. 

Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар 

Кейін Шерзаттың ағасы да өлі табылды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!