Украина мен Ресей арасындағы шиеленіскен жағдай жаңа жыл қарсаңында да тоқтамады. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі оқиғаларға шолу жасады.
ЕО - Украина саммиті Киевте өтеді
Еуропа Одағы мен Украина басшылары ақпанда Киевте кездеседі. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленскийдің кеңсесі өкілдері мәлімдеді. Саммит барысында көшбасшылар қаржылық және әскери қолдау мәселелерін талқылайды.
Кездесуге ЕО мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары қатыспайды. Тек ЕО төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен ЕО кеңесінің төрағасы Чарльз Мишель қатысады. Бұл туралы желтоқсанда Мишельдің баспасөз хатшысы хабарлады.
Зеленский Ресей дрон шабуылын жоспарлап отырғанын ескертті
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей дрон шабуылдарының ұзақ кезеңін жоспарлап отырғанын ескертті.
"Бізде Ресей "Шахид" дрондары көмегімен ұзақ мерзімді шабуыл жоспарлап отырғаны туралы ақпарат бар. Ресей ұшқышсыз ұшақтарды халқымыздың, әуе қорғанысымыздың, энергиямыздың сарқылуына қол жеткізу үшін пайдаланғысы келеді. Украина лаңкестер өз мақсатына жетпеуі үшін әрекет етіп, бәрін жасауы керек", - деді Зеленский.
Кейінгі бірнеше күнде Ресей азаматтық инфрақұрылым нысандарын жою үшін көптеген жарылғыш дронды қолданған. Бұл электр қуаты өшуіне әкеп соққан, сонымен қатар, жылыту жүйесіне де әсер еткен.
Киев қаза болған 500 ресейлік сарбаз туралы мәлімдеді
Украинаның Бас штабы мәліметінше, Херсон облысының оккупацияланған аудандарының артиллериялық бомбалануы салдарынан 500-ге жуық ресейлік әскери қызметші қаза тауып, жарақат алған. Бұл жағдай жаңа жыл қарсаңында басталып, 4 қаңтарға дейін жалғасқан.
"500 адам қаза тапты және жараланды", - делінген Facebook-те жарияланған жазбада.
Украина билігі Харьковта 25 азаптау лагерін тапты
Украина билігі Харьков маңы Ресей оккупациясынан босатылғаннан бері 25 азаптау лагері табылғанын мәлімдеді. Облыстық милиция бастығы Владимир Тимошконың айтуынша, Ресей әскері лагерьлерде бейбіт тұрғындарды ұстап, азаптаған. Ол Facebook-тегі жазбасында кейбір тұтқындар электр тогымен азапталғанын, ал кейбіреулердің саусақтарын сындырғанын жазған.
Ресей әскері Харьковтың айналасын бірнеше ай бойы басып алды. Ал бұл жер азат етілгеннен бері 920 бейбіт тұрғын, оның ішінде 25 бала табылған. Милиция бастығы оларды ресейлік сарбаздар өлтіргенін мәлімдеді.
Украина соққысынан қаза тапқандар саны 89 адамға жетті - РФ ҚМ
Ресей Қорғаныс министрлігі мәліметінше, Украинаның шығысындағы Ресей басып алған Донецк аумағындағы Макеевкаға Украина жасаған шабуылдан қаза тапқандар саны 89 адамға дейін жеткен. Ресей алғашында 63 адам қайтыс болғанын хабарлады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!