- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Тоқалдан туған сияқтымыз"....
"Тоқалдан туған сияқтымыз". Ақтөбелік тұрғындар жанайқайын жеткізді
Ақтөбенің іргесіндегі Кеңес Нокин ауылы "Астана" тұрғын-үй алабының тұрғындары 30 жылдан бері жолдың жоқтығынан қорлық көріп келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеңес Нокин ауылы "Астана" тұрғын-үй кешені іргесінің қаланғанына 30 жылдай уақыт болған. Қазір бұл маңда 600-ге жуық үй бар. Алайда әлі күнге дейін бірде бір көше асфальтталмаған. Ауылға асфальт жол салу туралы жоба 2021 жылы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жоба бойынша 9,5 шақырым жол салынуы керек. Бірақ бұл тек құжат күйінде ғана қалып отыр. Тұрғындар жолдың жоқтығынан әбден шаршаған. Әсіресе көктем мен күзде саз балшықтан жүру мүмкін емес. Тұрғындардың жанайқайын айтып бармаған жері қалмапты.
"Осы ауылда тұрып жатқаныма 17 жылдан асты. Ең басты проблема - жол. 2021 жылы жол салынады деп жоба жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Қыруар қаржыға жасалған жобаның мерзімі биыл бітеді. Жылда әкім де, депутаттар да халыққа есеп бергенде әне істеп береміз, міне істейміз деп айтады. Биыл да облыс әкіміне, Алматы ауданының әкіміне хат жібердік. Бәрінің айтатыны "қаржы қаралады" деген бір сөз. Жылда "қараладымен" уақыт өтіп жатыр. Ешқандай нәтиже жоқ", - дейді ауыл тұрғыны Сағидолла Жанпейісов.
Асфальт жол болмағандықтан ауылға автобус кірмейді. Халық орталыққа жету үшін бір шақырым жердегі Ақтөбе-Орск тас жолының бойындағы аялдамаға жаяу барады.
"Бала-шағаға, мүгедек жандарға, зейнеткерлерге тіпті қиын. Көлігі барлар өздері қатынайды. Жолдың жоқтығынан көлік те күнде сынады. Мәселені әкімдікке айтсақ "Автопаркпен сөйлесіңдер" дейді. Ал олар "асфальт төселмей автобус кіргізе алмаймыз" дейді. Емхана да арғы бетте орналасқан. Оған барудың өзі мұң", - деді Сағидолла Жанпейісов.
"Астана" тұрғын үй алабының Новостепановка бөлігінде әлі күнге дейін қиыршық тас төселмеген көшелер бар. Жасалынған жобаға шеткі көше кірмей қалған. Ал осы маңда тұратын халық көктемде тасқын судан зардап шегеді.
"Новостепановкада 13 жылдан бері тұрамын. Ауыл ылдида орналасқан және көшеміз шет жақта болғасын қырдан аққан судың бәрі келеді. Суағар дұрыс жасалмаған, жоқтың қасы. Көктемде әбден қорлық көреміз. Суға кеткен кездер болды. Балаларды мектепке апару өте қиын. Сондықтан суағар салып, жолды дұрыстамаса бір күні ауыл суға кетеді", - деді тұрғын Әнес Бисен.
Бұл ауылда қордаланған мәселе көп. Көшелер жарықтандырылмаған. Электр бағаналары апатты жағдайда тұр.
"Ауылдағы электр бағаналары жарылып тұр. Осы мәселені бірнеше рет айттым. Оншақты бағананы ғана ауыстырды. Қалғандары сол күйі. Бірі құласа бәрі кетеді. Құдай сақтасын біреу тоққа түспей, бұл мәселені шешілмейме деп қорқамыз. Қанша жылдан бері ауылдағы осы мәселелерді айтып келеміз, ешқандай нәтиже жоқ. Біз тоқалдан туған сияқтымыз. Бізден кейін салынған ауылдардың барлығында асфальт жол бар, ал біз игіліктен құр қалып отырмыз" - деді тұрғын Ерболсын Көбеков.
Жол мәселесі бойынша Ақтөбе қалалық әкімдігіне хабарластық. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қала аумағында 54 елді мекен бар.
"Оның 30-дан астамы жаңадан пайда болған тұрғын алаптар. Яғни, жолын жөндеу және басқа да инженерлік желілерін салу жұмыстары жасалып жатыр. Оның бәрі бір-екі жылдың емес, бірнеше жылдардың жұмысы. Бюджет қаражаты есебінен 20-ға жуық нысанның жолын асфальттау (оның ішінде елді мекендер және қала ішіндегі көшелер бар) үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Соның бірі - Кеңес Нокин елді мекенінің Астана бөлігінің 9,5 шақырым көше жолдарының жобалық-сметалық құжаттамасы. Жоба жасалып дайын тұр. Бюджеттен қаржының бөлінуіне орай, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілетін болады" делінген хабарламада.
Ал автобус, электр бағаналары бойынша "Алматы" ауданы әкімінің орынбасары Дархан Сағынбайұлынан сұрап, білдік. Оның айтуынша, жасалған жобада 8 аялдама қарастырылған. Жол құрылысы аяқталғаннан кейін ғана автобус жүреді. Ал электр бағаналарының жарылып, авариялық жағдайда тұрғандығы жөнінде "Ақтөбе қаласы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" ММ-не хат жолданыпты. Яғни қаржының бөлінуіне қарай шаруа қолға алынбақ.
Ал Новостепановкадағы суағар бойынша былай деді:
"Астана тұрғын-үй кешеніне барлығы 5369 метр суағар жүйесін салу жобада қарастырылған. Алайда аудан әкімдігі тарапынан Новостепановка бөлігіне қосымша суағар жүйесін енгізу бойынша "Ақтөбе қаласы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" ММ-не ұсыныс берілетін болады", - деді аудан әкімінің орынбасары.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы