Тоқаевтың Токиоға сапары барысында Қазақстан мен Жапония миллиардтық келісімдерге қол қоймақ

Қазақстан Президентінің Жапонияға сапары барысында жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы 18 желтоқсанда Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында қол қойылатын коммерциялық келісімдердің жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асады. Президент осы мақсатта Токиода жапониялық ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізбек. Барлығы 40-тан аса құжатқа қол қою жоспарланған.

"Келісімдер энергетика, жаңартылатын қуат көздері, цифрландыру, тау-кен, көлік секілді негізгі салаларды қамтиды", - делінген жазбада.

Қазақстан тарапынан құжаттарға "Самұрық-Қазына", KEGOC, "Қазатомөнеркәсіп", "Тау-кен Самұрық", "Қазпошта", "Қазақстан темір жолы" компаниялары, ал Жапония тарапынан Marubeni, MUFG Bank, Mitsubishi Heavy Industries, Hitachi Energy, Toshiba, JOGMEC, Kansai Electric Power және RIKEN KOGYO сияқты компаниялардың өкілдері қол қояды.

Президенттің Жапонияға сапары аясында өзге де ресми келіссөздер мен іскерлік кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!