Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туристік саладағы тапсырмаларын орындау туралы жиын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың Алакөл жағалауындағы ахуал туралы, сондай-ақ, туристік инфрақұрылым, сервис және қауіпсіздік мәселелері, еліміздің туристік аймақтарында жазғы демалыс пен қолайлы жағдайларды ұйымдастыру жөніндегі баяндамалары тыңдалды.
Премьер-министр өңір әкімдері мен министрлерге бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Бірқатар тапсырма берілді.
Мемлекет басшысы берген ескертулерді жедел жою үшін жергілікті жерлерде жұмыстарды үйлестіру мақсатында премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев пен туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өңірлерге жіберіледі. Оның қорытындысы бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс берілмек.
Сонымен қатар, жиын барысында Алматы тау кластерін дамыту мәселелері қаралды. Бұл жоба аса маңызды инвестициялық бастамалар тізіміне кіреді.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екеніне Үкіметтің назарын аударды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова