Тоқаевтың сынынан кейін вице-министр, әкімдер және басқа да басшылар жазаланды

Қазақстандағы курорттық аймақтарда жүргізілген тексерістерден кейін бірнеше шенеунік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Не болды?

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөл көлі маңындағы танымал туристік аймақтың демалушыларды қабылдауға дайындық деңгейінің төмен екенін Үкіметтің назарын аударған болатын. Мемлекет басшысы қажетті туристік инфрақұрылымның, сапалы қызметтің және қауіпсіздіктің жоқтығын атап өтіп, қысқа мерзім ішінде курорттарда тәртіп орнатып, кінәлілерді жазалауды тапсырды.

Президенттің сынынан кейін Бектенов вице-премьер мен министрді өңірлерге жіберді.

Кімдер жазаланды?

Тексеру нәтижесінде келесі лауазымды тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылды: Туризм және спорт саласын қадағалайтын вице-министр мен Алматы, Қарағанды, Абай және Жетісу облысы әкімдерінің туризмге жауапты орынбасарларына қатаң сөгіс жарияланды; Қонаев және Балқаш қалаларының, Алакөл және Мақаншы аудандарының, сондай-ақ кейбір ауылдық округ әкімдеріне сөгіс жарияланды; Кәсіпкерлік, туризм, қоршаған ортаны қорғау, сәулет және сауда салаларына жауапты облыстық басқарма басшыларына тәртіптік шаралар қолданылды;

Экология және табиғи ресурстар, денсаулық сақтау, қаржы, су ресурстары және ирригация, сауда және интеграция, көлік министрліктерінің өңірлік бөлімшелерінің басшылары да жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жергілікті тексерулер жүргізіліп жатыр.

Үкімет мәліметінше, осы тексерулер нәтижесінде туристік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленеді. Онда саладағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған алғашқы кезектегі шаралар белгіленеді.

Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған жұмыс тобының негізінде жобалық кеңсе құрылды. Ол туристік қызметтердің сапасын арттыру, курорттық аймақтарды абаттандыру және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстайтын болады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз