Астана қаласы, "Бейбітшілік және келісім сарайында" өткен Жайдарманның ақтық бәсекесі өз мәресіне жетті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жастардың басын бір арнаға тоғыстыратын Жайдарман - 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. Алғашында "Қазақша КВН" атауымен халыққа жол тартқан ойынның бүгінгі атауы - JCI. Креативті жастардың басын бір арнаға жинап, халыққа астарлы әзілдеу арқылы, қоғамдағы мәселелерді жеткізе білген бағдарлама көпшілік көңілінен шығып келеді. Жиырмасыншы рет өздерінің чемпиондарын анықтап отырған Жайдарманның бұл жолғы финалын сіз не себепті көруіңіз керек? Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз сөйлеуі, түрлі шоулар, жылқының сахнаға шығуы, ең бастысы SANA HOLDING ұсынған 50 миллион теңгенің иегері кім екенін білесіз. Massaget.kz тілшісі финалдық бәсеке туралы қызықты жайттар мен сұхбатты назарларыңызға ұсынады.
Жайдарман - 2023 жыл. Чемпион кім болды?
JCI ұйымдастырған, SANA HOLDING демеушілік жасап бас бәйгеге тігілген 50 миллионды қай құрама қанжығасына байлады? Әділқазы алқаларының бірыңғай шешімімен жалпы есепте 13.2 ұпай жинап Қостанай облысы "Рудный" құрамасы үздік ІІІ орынға ие болды. Сондай-ақ, демеуші ұсынған 5 миллион теңге сыйақы алды.
Жайдарманды жаруға келген "Жуалы" ІІ орынға ие болды. Сондай-ақ, демеуші ұсынған 15 миллион теңгенің жеңімпазы атанды.
Дәл осы "Жуалы" жайдарман тобының капитаны Қайрат Оразбеков - Маусымдағы үздік ойыншы атағына ие болды.
JCI ұйымдастырған Жайдарман - 2023 чемпиондары Семейден келген "Қыздар емес" құрамасы. Сондай-ақ, олар SANA HOLDING демеушілік жасап бас бәйгеге тіккен 50 миллионды қанжығасына байлады.
ФИНАЛ - 2023 жыл
Жайдарман көрерменге лық толы, сарайда ине шаншыр орын жоқ. Барлығы бұл финалдың басталуын тағатсыздана күтіп отыр. Режиссердің: "Біз бастаймыз" деген сөзінен кейін сахнада ерекше атмосфера орын алды. Жайдарман президенті әрі жүргізуші Есентүгел Елеукен ақтық сайыстағы құрамамен ортаға ерекше шықты.
Сонымен көрермен күткен финалдық ойындар басталды. Бұл бәйгеде 5 құрама өзара 3 сайыс бойынша бақталасты. Тізімде фаворит саналатын:
Жамбыл "Жуалы"
Саяси әзілдері бар: Алматы "Эверест"
Қыздардың намысын қорғаған: Астана "Ақпен бірге"
Көрермен көзайымына айналған: Қостанай облысы "Рудный"
Бас бәйгеге үміткер: Семей "Қыздар емес"
Сайдың тасындай сахнада сап түзеп тұрған жайдарман топтарына қазылық еткен әділқазылар құрамы: Марат Қамбарұлы, Нұрсұлтан Құрман, Нұрболхан Шарапов, Еркебұлан Мырзабек және Жұмабек Жанықұлов.
Жайдарман президенті әрі жүргізушісі Есентүгел Елеукен Баймұханбетұлы бұл финалдың өте ерекше өткенін әрі құрамалар өзіне сай жүлделі орын алғанын айтты.
"Финалға дейін дайындық ауырлау болды. Маусым бойы командалар тек бір ғана конкурспен шектеліп жүрді. Финалдық бәсекеде өзара үш сайыс бойынша бақталасты. Финалдағы жеңімпаз дәл осы үш конкурста өздерін қалай көрсетеді соған байланысты болды. Сәйкесінше жайдарман топтары өздеріне тиесілі орындарын алды. Эмоцияға толы ойын болды. Жайдарманның ішкі әлемін толық көрсетті деген ойдамын. Мен өзім финалды қуанып қарсы алмаймын, себебі бұл жерде жүрекжарды әдемі әңгімелер болады. Біз жайдарман топтарымен қимай қоштасамыз. Ал маусымашарда ерекше леппен, көңіл-күймен қарсы аламыз", - дейді Жайдарман президенті Есентүгел Елеукен.
Сондай-ақ, 2005 жылдан бері өткізілген финал сайыстарында ең есте қалатын финал ретінде осы жылды қосуға болатынын жеткізді.
"Ерекше болған финал 2005, 2008 тағы 2013 жылы екі күндік финал болды. Бір сарында өткен финал болған жоқ. Ең қызық финал деп бөліп жара айта алмаймыз. Дегенмен осы жылдары ерекше финалдар болды. Бұл классикалық финалымыз, араға бір жыл салып келіп отыр. Себебі: оның алдында карантин болды. Толыққанды финалымыз 2019 жылы өтті. Одан кейінгі үлкен ауқымда болып жатқан чемпионат осы жылы, - дейді ол.
Финалда қандай тақырыптағы әзілдер болды
Бұл финалда өзекті тақырыптардағы әзілдер көрермен көңілінен шықты. Екі ел арасындағы шекара, қыздардың құқығын қорғау, феминистік көзқарас, ЛРТ, орамал сынды қоғамда қызу талқыда жүрген мәселелерді жайдарманшылар әзілмен астарлай жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан футбол құрамасының Словенияға қарсы матчы да әзілге сеп болды.
Финал! Қашан және қалай көре аласыз
Астана қаласы, "Бейбітшілік және келісім сарайы", SANA HOLDING демеушілік жасап, JCI ұйымдастырған 2023 жылғы "ЖАЙДАРМАН" финалдық ойынын 05.12.2023, сағат: 19:00-де YOUTUBE платформадағы Jaidarman OFFICIAL арнасынан көре аласыз. Сілтеменің үстін басып, қызыққа толы Жайдарманның ақтық ойынынан қапы қалмаңыз.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз