- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаевтың отандық бизнес...
Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде сөйлеген сөзі
Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде сөйлеген сөзінің мәтінін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Осындай алқалы жиын өткізу жақсы дәстүрге айналды. Себебі, бизнес саласы – ұлттық экономиканың негізгі тірегінің бірі. Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға баса мән беріп отыр. Біз қазір Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық моделін қалыптастыруға кірістік. Бұл – баршамызға ортақ жұмыс, ең алдымен, еліміздің келешегі үшін өте маңызды қадам. Осы жұмысқа кәсіпкерлеріміз белсене атсалысуы қажет. Сондықтан, біз бүгін бизнес саласында қордаланған мәселелерді талқылаймыз. Алдағы міндеттерді айқындап алуымыз керек.
Баршаңызға мәлім, мен Жолдауда елімізді одан әрі дамытуға арналған тың тәсілдерді ұсындым. Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен, кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс.
Мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керек. Мұндай ұстаным, түптеп келгенде, басқарудың репрессивті сипатына алып келеді. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Тағы да ерекше атап өткім келеді. Көмектесуі керек.
Ал кәсіпкерлер "шағымданушы" немесе "қолдауға мұқтаж" рөлінде көрінбей, мемлекеттік аппараттың теңқұқылы серіктесіне айналуға тиіс. Жеке капиталды қорғау деңгейінің осалдығы, мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуы, бағаның нарыққа қайшы жолмен белгіленуі және шамадан тыс реттеу тетіктері – бизнесті толғандыратын мәселелер мұнымен бітпейді. Кәсіпкерлердің соттарға, құқық қорғау және салық органдарына, жергілікті билікке қатысты шағымдары азаймай тұр. Бұл ретте бизнес тарапынан да салықтан жалтару, капиталды жылыстату, мемлекеттік қолдауға ие болған кезде алаяқтық жасау фактілері жиі ұшырасады. Еңбек ұжымдарының құқығын таптау жағдайлары да кең таралған. Осының салдарынан екі тарап әрдайым бір-біріне сезіктене қарап, кінә артуға дайын тұрады.
Енді уақыт оздырмай шешуді талап ететін басым міндеттерге тоқталайын. БІРІНШІ. Заң үстемдігін және жеке меншіктің қорғалуын қамтамасыз ету қажет. Бұл – кәсіпкерлікті дамытудың және инвестиция тартудың негізгі шарты. Алайда оны мүлтіксіз сақтау үшін жүйедегі бірқатар түйткілді шешу қажет. Мәселен, бақылаушы органдар мен соттар заң бұзушылықтың формальды белгілерін анықтаған кезде, оның мән-жайын тексеру қағидатын басшылыққа алмайды. Кәсіпорын қызметіндегі кез келген, тіпті болмашы қателіктің өзі көбіне қылмыс сияқты қаралады. Нәтижесінде еліміздің экономикасы ұдайы қылмыстық-құқықтық қысымға ұшырайды. Осы жиынға қатысып отырған құқық қорғау органдарының басшылары бұл мәселеге айрықша назар аударғаны жөн. Бизнестен күштік құрылымдардың әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдар толассыз түсіп жатыр.
Қылмысқа, оның ішінде экономикалық сипаттағы қылмысқа қарсы күрес тек қана заң аясында жүргізілуі керек. Мұндай асырасілтеушілік мемлекеттің мүддесіне ғана қайшы келмейді, сонымен қатар Қазақстанның абырой-беделіне нұқсан келтіріп, менің бастамаларыма халықтың сенімін азайтады. Бізге қадағалаудың теңгерімді механизмін құру қажет. Мен бұған дейін әрбір маңызды инвестициялық жобаның жүзеге асырылуын бақылау үшін қадағалаушы органнан бір қызметкерді бекіту туралы бастама көтердім. Алайда бұл мәселеде айтарлықтай нәтиже жоқ. Президент Әкімшілігіне Бас прокуратурамен және Бизнес-омбудсменмен бірлесе бір айдың ішінде тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын.
Бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданады. Бұл өте аз және азаматтардың сұранысына сәйкес келмейді. Сондықтан заңгерлер және кәсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілді деп ойлаймын. Судьялар корпусы бұл қадам азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауға мүмкіндік береді деп санайды. Президент Әкімшілігі бұл мәселені қолға алады. Кассациялық сотты құру жөнінде ортақ пікірге келсек, сот жүйесінің бюджетін ұлғайтуға жол бермейміз. Бизнестің заңды мүддесін сақтау және қорғау – бұл біздің басты міндетіміз. Сондықтан әкімшілік әділетті айтарлықтай күшейтіп, оның қолданыс аясын кеңейту қажет. Бұл іс жүзінде өзінің қажеттілігін және тиімділігін көрсетті.
Бүгінде сот шешімдерінің 60 пайыздан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіледі (бұрын 15% пайыздан кем болған). Бұл оң үрдіс, әйтсе де асырасілтеушілікке және құбылушылыққа жол беруге болмайды. Сонымен қатар мемлекеттік аппараттың бизнесті сотқа жүгінуге мәжбүр ететін кемшіліктерді түзету жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Үкіметке Жоғарғы Сотпен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдар қызметіндегі теріс әрекеттерге мұқият талдау жасауға және оларды жою үшін пәрменді шаралар қабылдауға тиіс. Қайталап айтамын. Мемлекеттік аппараттың міндеті – еліміздегі заңды кәсіпкерлік қызметке жан-жақты көмек көрсету. Заңды бұзып, бизнеске қандай да бір кедергі жасау – мемлекеттік сипаттағы қылмыс. Мен, Президент ретінде, Қазақстанды бизнеске, соның ішінде ірі, орта және шағын кәсіпкерлікке өте қолайлы жағдай жасалған елге айналдыруды өз міндетім деп санаймын.
ЕКІНШІ. Активтерді қайтару кезінде мемлекет пен бизнестің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау маңызды. Бұл – қазір кәсіпкерлер арасында қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі. Одан хабардармын. Ол жөнінде бөлек ақылдасайық. Таяуда активтерді қайтару жөнінде заң қабылданды. Бұл заң активтерді қайтару шараларын бір мақсатқа жұмылдыруға бағытталған, яғни, мұны қоғамдық келісім актісі десе де болады. Түптеп келгенде, бұл шара экономикамызды сауықтырып, әлеуметтік жікке бөлінушілік пен адамдардың арасындағы алшақтықтың алдын алуға тиіс. Адал бизнеске, шетелдік және отандық инвесторларға бұдан қауіптенудің еш реті жоқ. Мен Жолдауымда жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек екенін айттым. Экономикамыздың көшбасшылары индустрияландырудың қозғаушы күшіне айналып, соңынан өнеркәсіппен айналысушы кәсіпкерлердің жаңа толқынын ілестіре алады. Мен металлургия, химия, машина жасау және басқа да салаларда, кем дегенде, 15 ірі жобаны іске асыру міндетін жүктедім. Бұл – мемлекеттің де, бизнестің де міндеті. Бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі. Бұған қоса, мемлекет тағайындаған менеджерлер де тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Сондықтан еліміздің әлеуетті ірі бизнес өкілдеріне үндеу тастағым келеді. Сіздерде қаржы да, тәжірибе де жеткілікті, әлемдік нарықтарға шығатын байланыстар да бар. Сондықтан осындай жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға шамаларыңыз жетеді. Елдің дамуына қаржы құюға дайын екендеріңізді көрсетіңіздер.
Адал әрі өз еліне пайдамды тигізсем деген ниеттегі бизнес әрдайым құрметке лайық және олар мемлекеттің қорғауында болады. Ашығын айтайын. Жоғары да айтылған өндірістерге инвестиция салу активтердің түп төркінінің заңдылығын дәлелдеуге талпыныс ретінде қарастырылады. Егер сіз бұрын-соңды ие болған капитал тек меншік иесіне ғана емес, сондай-ақ ұлттық экономиканың игілігіне және Қазақстанның өркендеуіне қызмет етсе, онда бұл – ақшаның қайдан келгені жөніндегі сұрақты күн тәртібінен алып тастауға жақсы себеп. Алайда мұндай мәмілеге келу мүмкіндігі барған сайын азайып келеді. Оны да түсіну керек. Үкімет экономиканы әртараптандыру үшін ірі бизнестің бүкіл қаржылық, технологиялық және кадрлық әлеуетін жұмылдыруы қажет.
ҮШІНШІ. Экономиканы ынталандыратын әділ салық саясатын жүргізу қажет. Салық заңнамасының күрделілігі мен тұрақсыздығына бизнестің шағымдануы азаймай тұр. Бұл инвесторлардың сенімін азайтып, бизнеске жоқ жерден мәселе туындатады. Салық органдары кәсіпкерлерді жаппай сотқа тартып жатыр. Атап айтқанда, келісімдерді жарамсыз деп тану жөнінде талап-арыздар көп беріледі. Соттардың жүктемесі едәуір артты. Оларға салықтың дұрыс төленуін тексеру міндеті де жүктелді. Бұған жол беруге болмайды. Жағдайды түзеу үшін шаралар қажет. Үкімет жаңа Салық кодексінде салықтан жалтаруға қарсы іс-қимылдың тиімді механизмін қарастыруы қажет. Сондай-ақ тауарсыз операцияларды анықтаудың нақты критерийлерін анықтау керек. Заңнама неғұрлым оңай болса, оны қате түсіну ықтималдығы да соғұрлым азаяды. Сондықтан рәсімдерді түбегейлі қысқартып, екіұшты тұжырымдарды жою қажет. Барлық даулы жағдай салық төлеушілердің пайдасына қарай түсіндірілуі керек.
Елдегі салықтың 80 пайызын 260-қа жуық компания төлейді. Бұл теңгерімсіздікті басқа салық төлеушілердің салықтық түсімін арттыру арқылы түзету керек. Сарапшылардың бағалауына сәйкес, елімізде жұмыспен қамтылған жалпы халықтың төрт миллионы табысынан салық төлемейді. Жеңілдетілген салық режимі енгізілгеніне қарамастан, микро және шағын бизнес субъектілері табысын жасырып, ақша айналымын азайтып көрсетеді. Бизнес субъектілерінің 70 пайызға жуығы жеңілдетілген декларацияда 5 миллионнан аз табыс көрсетіп, осы режим аясындағы түсімдердің 6 пайызын ғана төлейді. Сондықтан салық процедураларын жеңілдетіп, халықпен және бизнеспен тиімді қарым-қатынас жасау арқылы белсенді салық төлеушілерді көбейту жаңа салық саясатының негізгі мақсаттарының бірі болуға тиіс. Салық төлеуден жалтарудан, жергілікті бақылаушы органдармен тіл табысып, тәуекелге барудан гөрі салық төлеу тиімді әрі оңай болуы керек. Салық заңнамасын өзгерту жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды.
Ұлттық экономиканың өсімін инвестицияның тапшылығы шектеп отыр. Негізгі капиталға салынған қаржы статистикасын елдің ертеңіне сенудің басты көрсеткіші ретінде қарастыруға болады. Алайда соңғы 10 жылда компанияның таза табысы мен негізгі капиталға салынған инвестицияның арақатынасы 38 пайыздан 29 пайызға дейін кеміді. Басқаша айтқанда, кәсіпкерлер табысын өз бизнесіне қайта инвестициялауға құлықсыздық танытып отыр. Соның салдарынан жаңа өндірістік қуат, жаңа жұмыс орындарын ашу және бюджетке түсетін төлемдері ғана азаймайды. Біз позициямыздан айырылып жатырмыз. Негізгі қорлар физикалық және технологиялық тұрғыдан ескіріп, жаңармай отыр. Бұл жалпы проблемаға инвестициялық ағынды әртараптандырудың бәсеңдеуі де әсер етеді. Біздегі шетелдік салымның басым бөлігі (68%) бұрынғыдай шикізат секторына тиесілі. Керісінше қайта өңдеу өнеркәсібі, электр қуатын өндіру, көлік және басқа да салалардан шетелдік инвесторлардың кетуі байқалады. Жуырдағы Жолдауымда корпоративтік несиелендіруді қолдауға бағытталған шешімдер айқындалды. Ең алдымен, инвесторлар салықтан және басқа да төлем міндеттемелерінен үш жылға босату міндеті тұр. Үкімет бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, экономиканың басым секторларына инвестиция тартуға ықпал ететін қосымша үш-төрт нақты шараны пысықтауы керек.
ТӨРТІНШІ. Нақты индустрияландыруды қамтамасыз ету керек. Күрделі және орнықты экономикаға өнімді орташа және жоғары деңгейде өңдеу сегменттерін белсенді игеретін өңдеу өнеркәсібі негіз болатыны белгілі. Сонымен қатар бұл бағытта кедергілердің көптігі кәсіпорындар "ғұмырының" ұзаққа созылмауынан байқалады. Еліміздегі компаниялардың төрттен бірі ғана ашылғаннан кейін екінші жылы нарықта қалады. Салыстырар болсақ, бұл көрсеткіш басқа елдерде 70-80 пайызға тең. Көп жағдайда бұл Қазақстандағы бизнес-ахуалдың әлі де жетілмегенін көрсетеді. Бірақ мұның басқа да аспектілері бар. Мәселен, қазіргі жағдайда көптеген ел ішкі нарықты қорғау және қолдау шараларын белсенді қолданып жатыр. Осы озық тәжірибені батыл әрі кеңінен меңгеруіміз керек. Мен мұны Үкіметке айтып отырмын. Екінші жағынан, Қазақстанда өндірістің жергілікті үлесін арттыру үшін қолайлы жағдай жасалған. Салықтық преференциялар мен жеңілдетілген несиелендіру беріледі, сондай-ақ өнімді өткізу бойынша көмек көрсетіледі. Алайда тауар өндірісінің жергілікті үлесі әзірге төмендеу. Шын мәнінде, біз импортты субсидиялау ісін жалғастырып жатырмыз. Бұл өндірістің бастапқы қалыптасу сатысындағы табиғи құбылыс екенін түсінемін. Сондықтан аталған мәселеге "өсім дерті" ретінде қараймыз. Ештеңе болмағаннан гөрі, осындай өндірістің болғаны дұрыс. Алайда Үкімет өндірістің жергілікті қамту үлесін арттыру мәселесімен мұқият және жан-жақты айналысуға тиіс. Кейбір компаниялар жергілікті қамту үлесіне еңбекақы төлеу қорын, коммуналдық қызметтерге және жарнамаға жұмсалған шығындарды қосатын жағдайға жетті. Мұндай көзбояушылықтың бізге қажеті жоқ. Бұл жерде "Атамекен" палатасының рөлі анағұрлым белсенді әрі пайдалы болуға тиіс.
Бұл ретте ірі өндіріс орындарын отандық жабдықтарды, тораптарды және бөлшектерді пайдалана отырып, өнім шығаруға ынталандыратын кооперация қағидатын белсенді қолдану қажет. Машина жасау саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары ірі бөлшектерден емес, ұсақ бөлшектерден өнім құрастыратын аралас өндірістерді ашуға кезең-кезеңімен бейімделуі қажет. Жалпы, мемлекеттік тапсырыстарды алатын және мемлекет қолдауына ие болатын барлық ірі кәсіпорындар, негізінен, қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға тиіс. Елде осы өнімнің баламасы болмаған жағдайда ғана импортқа рұқсат етіледі. Яғни импортты тұтынушы компанияға немесе олардың шетелдік серіктестеріне 2-3 жыл ішінде осындай өндірісті Қазақстанда іске қосуы немесе іске қосуға көмектесу жөнінде міндетті шарт қойылуы қажет. Әрине, бұл экономикалық тұрғыда негізделген жобаларға ғана қатысты.
Мұнай сервисі саласы отандық экономиканы әртараптандырудың және өсімді қамтамасыз етудің негізгі тетігі болуы керек. Қазір Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы жобаларды жобалаумен (инжиниринг) басқа мемлекеттер айналысып жатыр. Бұл Теңіз кен орнын келешек кеңейту жобасына да қатысты. Жобалық шешімдерде импорттық материалдар мен құрылғылар есепке алынатыны түсінікті. Бұл отандық өндірушілердің мұнай-газ саласындағы жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін шектейді.
Ірі жобалардағы (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) тауарлардың жергілікті үлесі 5 пайызға да жетпейді. Үкімет жергілікті инженерлер мен компанияларды міндетті түрде тарта отырып, жобалық дизайн-кеңселерді Қазақстанға көшіруге ықпал етуге тиіс. Бұл ретте шетелдік серіктестер алдындағы келісімшарттық міндеттемелерді бұзу туралы әңгіме болмауға тиіс екенін арнайы атап өткім келеді. Біз ірі шетелдік компаниялармен бұған дейін жұмыс істеп келдік және алдағы уақытта да жұмыс істей береміз. Шын мәнінде, бұл – біздің ұзақмерзімді стратегиямыз. Сонымен қатар біздің де талаптарымыздың ескерілгенін қалаймыз. Отандық мұнай сервисі компанияларына қаржылай қолдау көрсету мәселесін шешу керек. Мұнай-газ корпорацияларымен қол қойылған келісімшартты кепіл ретінде қарастыра отырып, қазақстандық компанияларды банк арқылы қаржыландыру бойынша нақты шаралар қабылдау керек. Қаржы саласын реттеуші органдар бұл мәселе бойынша шешім қабылдауы қажет. Теңіз кен орнын болашақ кеңейту жобасының аяқталуына байланысты мұнай сервисі саласында ондаған мың адам жұмыстан босатылады. Отандық мамандарды Қатар және Сауд Арабиясы сияқты елдерде жұмысқа орналастыруға болады.
Халықаралық мұнай-газ жобалары аясында отандық компанияларды қолдау және ілгерілету әлеуметтік мәселені шешіп қана қоймайды, сондай-ақ валюталық түсімді айтарлықтай арттырады. Мұндай тәсіл әлемде кең тараған. Үкіметке отандық мұнай сервисі компанияларына шетелге жол ашу үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын. Бұл мәселені шешумен өз деңгейінде айналысып жүрген салалық бизнес пен қауымдастықтың әлеуетін барынша жұмылдыру керек. Бүгінде шетелдік компаниялар отандық тауар экспорттаушыларды дәстүрлі өткізу нарықтарынан ығыстырып жатқаны байқалады. Мысалы, бұл Иранға жеткізілетін Қазақстан астығына қатысты айтылып отыр. Осындай қауіп Ауғанстан мен Орталық Азия бағытында да бар.
Қазақстанмен көршілес елдердің ұлттық валютасының жағдайы еліміз үшін маңызды тауар түрлері бағасының құбылу ықтималдығын күшейте түсті. Үкіметте ұлттық экономика үшін маңызды саналатын астық және басқа да тауарлар бойынша ішкі нарықты тұрақтандырудың нақты әрі ашық алгоритмі болу керек. Белгіленген баға бойынша ауыл шаруашылығы шикізатын сатып алуға, жанар-жағармай импортына тыйым салуға, тауар басқыншылығына, экспортқа немесе квотаға тыйым енгізуге қатысты қандай жағдай болсын, бизнес мемлекеттің бағаны тұрақтандыру тетіктерінің қандай түрін қолданатынын анық түсінуге тиіс. Салалардың басымдығына, жобаның маңыздылығына және оның экономикаға әсеріне қарамастан, орта мерзімді преспективада кәсіпорындарды қолдаудың нарықтық емес механизмдерінен, әсіресе, жаппай субсидиялаудан кезең-кезеңмен бас тарту керек. Кепілдік беру механизміне және қаржылай қолдаудан тыс шараларға көшкен жөн. Мемлекеттік реттеу мен шектеулердің орнын сұраныс пен ұсыныстарды "оңтайлы басқару" алмастыруға тиіс. Осы ретте Азық-түлік корпорациясының әлеуетін толық пайдалану қажет. Мен бұл туралы Жолдауымда айттым.
БЕСІНШІ. Орта кәсіпкерліктің дамуын жеделдету керек. Бұл – қарқынды дамып келе жатқан экономиканың орнықты әрі әртараптандырылған негізі. Бірақ бұл бағытта шұғыл шешуді қажет ететін проблемалар қордаланып қалған. Жалпы алғанда, Қазақстанда шағын және ірі бизнес үшін өте жақсы жағдай жасалған. Ірі бизнес орнықты дамып келеді және табысы мол. Ол үшін мемлекеттік саясат қолданыстағы ережелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуі, фаворитизм мен бәсекеге қабілетсіз тәжірибелердің болуына жол бермеуі маңызды. Бұл бағытта белсенді жұмысты жалғастырамыз. Шағын кәсіпкерлік, өз кезегінде, жұмыспен қамту ісінде және халықтың табысын арттыруда аса маңызды рөл атқарады. Бұл ретте олар үшін салық барынша төмендетілді, тексеру іс жүзінде жоқ, қолдау құралдары бар, озық әрі жайлы цифрлық орта құрылды, әкімшілік кедергілер ұдайы азайып келеді. Алайда бізде оны бизнестің ең маңызды орта сегментіне көшіру үшін ынталандыру жолдары қарастырылмаған. Осы ретте орта бизнестің сыртқы нарықта дамуы, бәсекеге қабілетті жаңа өнімдерді өндіруі және оны экспортқа шығаруы үшін мүмкіндіктері мен айтарлықтай ынталандыру құралдары бар.
Орта кәсіпкер әлдеқайда ширақ, мобильді және құбылмалы нарықтық жағдайларға тез бейімделеді. Иә, соңғы 7 жылда ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесінің өскені байқалады. Бірақ бұл динамиканың негізгі қозғаушы күші – шағын кәсіпкерлік субъектілері. Олардың саны 46 пайызға көбейді. Осы орайда орта кәсіпкерлік тек 0,5 пайызға өсіп, экономикадағы үлесін 5 пайыздан 6,2 пайызға дейін арттырды. Бұл ретте ЭЫДҰ елдерінде оның үлесі орта есеппен 18 пайызға тең, ал жекелеген мемлекеттерде одан да жоғары, яғни 26 пайызға дейін. Дәл осы орта бизнесті, әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлікті қолдау үшін елімізде ешқандай ерекше жағдай жасалмаған. Керісінше, қазіргі нормативті ортада, оларға, тіпті кеңейген кезде де, формальді түрде шағын бизнес болып қалу тиімдірек. Үкіметке және "Атамекен" палатасына осы мәселе бойынша ұсыныс енгізіп, нақты іске көшуді тапсырамын.
Жолдауда заңнамаға шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруге ынталандыратын өзгерістер енгізуді тапсырдым. Салық шаралары, тексеруші органдардың тарапынан жүргізілетін тексерулерге белгілі бір иммунитет қалыптастыру, сондай-ақ мамандандырылған қолдау құралдары мен мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізу осы ынталандыру шараларының қатарына кіруге тиіс. Мысалы, мемлекеттік қаржылық қолдаудың ерекше шараларын ұсыну, сондай-ақ стандартты салық режимінде жұмыс істейтін бизнес үшін мемлекеттік тендерлерге жеңілдікпен қол жеткізу мәселелерін пысықтау керек.
Елімізде қандай да бір қиындықтарға қарамастан, мемлекеттің қолдауынсыз табысты дамып, экспорттық нарықтарды игеріп жатқан бірнеше жүз ғана орта кәсіпорын бар. Бұл ретте, менің білуімше, олардың көбі тексеруші органдардың қудалауынан қорқып, осы уақытқа дейін мемлекеттік көмектен бас тартты. Бұл жерде арнайы тәсіл керек. Егер бизнес өз міндеттемелерін орындап жатса және көздеген мақсаттарына қол жеткізсе, онда бірде-бір тексеруші жобаны іске асыру кезеңінде де, одан кейін де оған кедергі келтірмеуге тиіс.
Сонымен қатар келесі жайтқа айрықша назар аудару керек. Кейде бизнесті кәсіпкерлікпен айналысу үшін емес, мемлекеттік қолдауға ие болу мақсатында құратын жағдайлар кездеседі. Нәтижесінде мемлекеттік қолдау шараларының экономикалық қайтарымы жұмсалған бюджет қаржысының көлеміне сай келмейді. 2015-2021 жылдары бизнесті мемлекеттік қолдау көлемі (7 трлн теңге) қолдауға ие болған компаниялардан түскен салық түсімдерінің сомасынан 1,5 есе асып түсті (4,5 трлн теңге). Мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Бизнесті ынталандыру тәсілдерін өзгертуге бағытталған бұған дейінгі әрекеттер сәтсіз болды. Осыған байланысты Үкіметке қолдау шараларына қатысты тетіктерді сапалы түрде жаңғыртуды тапсырамын.
Қолдау шараларына ие болғандардың бірыңғай ашық реестрін құру мәселесін пысықтау қажет. Бұл бірыңғай ақпараттық жүйеде барлық мәлімет жинақталады. Бұл кәсіпорындардың аз бөлігіне ғана қаржының шамадан тыс бөлінуін болдырмауға, сондай-ақ мемлекеттік көмектің тиімділігін объективті әрі жедел бағалауға мүмкіндік береді. Бұл ретте қолдау шараларының тиімділігін төленген салық көлемін ұлғайту, жаңа сапалы жұмыс орындарын ашу және өнімнің ел ішіндегі құндылығын арттыру, экспорттық әлеуетті дамыту негізінде бағалау қажет. Мемлекеттік қолдау шараларын автоматтандыру және оның тиімділігін бағалаудың шынайылығын қамтамасыз ету үшін Үкімет цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп, шешім қабылдау процестерін автоматтандыруы қажет.
Қорыта келе, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметіне қатысты мәселелерге арнайы тоқталғым келеді. Оның негізгі міндеті – бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді диалогтың негізгі өзегі болу. Палатаны трансформациялау, оны корпоративтік басқару сапасын айтарлықтай арттыру қажет. Палата кәсіпкерлердің ортақ пікірін толық жеткізіп, әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілететін ұйым болуға тиіс".
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан