- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаевтың Нью-Йорк сапары:...
Тоқаевтың Нью-Йорк сапары: қай мемлекет басшыларымен жеке кездесулер өтті?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары барысында бірнеше мемлекет басшысымен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Португалия президенті Марселу Ребелу де Соузамен келіссөз жүргізді. Мемлекеттер басшылары екі елді достық қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастық байланыстыратынын айтты. Тараптар инвестиция, су ресурстарын басқару, туризм және басқа да салалардағы жан-жақты қатынастарды одан әрі арттыру үшін зор әлеует бар екенін жеткізді. Цифрландыру саласындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
"Сіздің елдің IT саласындағы тәжірибесі мол. Осы бағыттың болашағы зор екенін ескере отырып, мен Лиссабонға бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін зерделеу үшін арнайы делегация жіберемін. Қазақстан португалиялық серіктестермен тығыз байланыс орнатуға мүдделі", - деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Жаһандық ұйымдар аясында, ең алдымен, БҰҰ шеңберінде өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Мемлекет басшысы Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тығыз әрі дәстүрлі достық қарым-қатынас туралы айтты. Президент екіжақты байланыстарды стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін кеңейту мүмкіндігіне назар аударды. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық ықпалдастыққа тың серпін беру үшін Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, Қазақстан мен Моңғолияның Іскерлік кеңесін құру қажет екенін айтты. Кездесу соңында президенттер жақын арада бір-бірінің еліне сапармен бару мүмкіндігін талқылады.
Мемлекет басшысы Кения Республикасының президенті Уильям Рутомен кездесті. Кездесу барысында Кениямен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелері талқыланды. Президент Кенияны Африка құрлығындағы қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде танып, өзара ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық туғызатын мемлекет екенін жеткізді.
"Мен Кенияның даму барысын, экономикалық және сыртқы саясатын қадағалап отырамын. Сондай-ақ, Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе әрекет етуге дайынмын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Уильям Руто қазақстандық компанияларды Кения экономикасына белсенді түрде инвестиция құюға, соның ішінде астық терминалын салу арқылы Момбаса портын кеңейту мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықты нығайтудың мүмкіндіктерін зерттеу үшін Кенияға сауда миссиясын жіберуге ниетті екенін айтты. Президент Африка мемлекеттерімен екіжақты деңгейде және көпжақты бірлестіктер аясында, ең алдымен БҰҰ шеңберінде өзара байланысты дамытудың маңызын айтты. Мемлекет басшысы Уильям Рутоны келесі жылы Қазақстанға сапармен келуге және Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Мемлекет басшысы Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёльмен кездесті. Әңгімелесу барысында қазақ-корей стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында достық қарым-қатынастар орнағанын және қарқынды дамып келе жатқан экономикалық байланыстардың маңызы зор екенін айтты.
Қазақстан Президенті екіжақты тауар айналымы былтыр 6 миллиард доллардан асып, тұрақты өсім байқалып отырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, корей компанияларының Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының жалпы көлемі 8 миллиард доллардан асып, еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қатарында нық тұрғанын жеткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанда 700-ден аса кореялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мысалы, еліміздің нарығында KIA, Hyundai, Samsung, LG және басқа да компаниялар белсенді қызмет етіп жатқанын айтуға болады.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев сирек металдар өндірісін, атом энергетикасын дамыту салаларындағы экономикалық ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына тоқталды.
Корея президенті Юн Сок Ёль Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.
Оның айтуынша, кореялық компаниялар машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, атом энергетикасы салалары бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды кеңейтуге және жаңа жобаларды қолға алуға ерекше қызығушылық танытады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова