Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ат қорасындағы Ақжан атты тұлпарға тағы бір танымал шетелдік журнал арнайы материал арнады. Бұл жолы ол туралы Ұлыбританияның ең көне апталық басылымдарының бірі Country Life журналында жазылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Материал "Ақжан: Ұлы даланың кіршіксіз рухы" деген тақырыппен жарияланған. Онда Ақжан жай ғана сирек кездесетін жылқы ретінде емес, Ұлы дала тарихы мен қазіргі Қазақстанды жалғап тұрған ерекше бейне ретінде сипатталады.
"Кейбір жылқыға жай ғана сүйсінесің, ал енді біреулері тұтас бір өркениетті арқалап келе жатқандай әсер қалдырады. Ақжан - сөзсіз екінші топқа жататын тұлпар".
Авторлар Ақжанның сирек кездесетін изабелла түсті реңіне де ерекше назар аударған.
Оның жүні "атлас секілді мөлдір жылтырға ие" деп сипатталып, "дала шуағын бойына сіңіріп, таң нұрына малынғандай әсер береді" делінген.
Журналда Ақжан есімін, яғни "таза жан" деген мағына беретін атауды тұлпарға Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қойғаны да айтылады.
Авторлар Ақжанның бейнесі Қазақстанмен және ел тарихымен қалай астасатынына да жеке тоқталған.
"Ақжан Қазақстанға өзі туралы Ұлы даланың терең дәстүрінен тамыр тартатын тілмен сөйлеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл образ Instagram кеңістігіне де, халықаралық поло алаңдарына да жат көрінбейді".
Авторлар Ақжан мен Астананың арасында да ұқсастық барын айтады. Олардың пайымынша, елорда заманауилық пен ұлттық болмысты ұштастыруға ұмтылса, Ақжан да осы идеяны бейнелейді. Материалда тұлпар "қазіргі Қазақстанның бойтұмары" іспетті сипатталған.
"Оның ашық түсті, жылтырай құбылған жүнінен Қазақстан тірі символ тапқандай. Бұл - даланың ең көне мұрасы саналатын жылқының әлі де талай тарихты жеткізе алатынын әрі елорданың үлкен мұратын арқалап жүруге лайық сымбат пен тектілікке ие екенін көрсетеді".
Жалпы, мақалада Ақжан Қазақстанның қарқынды дамуының, ел табиғатының сұлулығы мен байлығының, ұлттың күші мен тектілігінің символы ретінде көрсетілген.
Фото Tengrinews.kz
Ақжан шетелдік журналдарда жарияланды
Бұған дейін Ақжан туралы көлемді мақалалар Қытайдың ұлттық әуе компаниясының ресми борт журналы Wings of China-да және "Россия" арнайы авиациялық басылымында жарияланған болатын.
Wings of China Ақжанды "киелі сәйгүлік" және "тәңір тұлпары" деп атап, ақалтеке тұқымының көнелігіне, бұл жылқылардың зерделілігіне және адаммен терең байланыс орнату қабілетіне ерекше тоқталған.
"Россия" басылымы Ақжанға "Ұлы даланың тәңір тұлпары" атты тақырыппен тұтас бір бетін арнады.
"Ақжанға қарағанда ежелгі ақындардың бұл тұлпарларды неліктен жыртқыш гепардқа, жүйрік тазыға және өр қыранға теңегенін түсінесің. Бұл - қозғалыстағы қатып қалған тарих, дала аристократиясы, арғы тегі мыңдаған жылдарға кететін асыл тұқым".
Жарияланымда Ақжанды Қасым-Жомарт Тоқаевтың сүйікті тұлпары деп атап, оны өр, сезімтал әрі ақылды жылқы ретінде сипаттайды.
Ақжан туралы материал қазақстандық Tengri борт журналында да шыққан болатын. Онда тұлпардың шығу тегі туралы егжей-тегжейлі айтылған: Ақжан 2025 жылғы наурызда Астанада туған, ол асыл тұқымды ақалтекелер - Қанатлы мен Табыстың құлыны.
Ақжан тұлпар туралы не белгілі?
Еске салайық, мамырдың басында Қазақстан Президенті өз жылқыларының суретін жариялаған болатын. Желі қолданушыларын әсіресе сирек кездесетін изабелла түсті Ақжан таңғалдырды: ақалтеке тұқымының ішінде мұндай түс тек 3 пайыз болды. Тұлпарға Ақжан есімін Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі берген.

Ақжан тұлпар. Ақорданың баспасөз қызметінің фотосы
Ақалтеке тұқымы
Ақалтеке - ежелден келе жатқан асыл тұқымды жылқылардың бірі. Бұл тұқым араб жылқысы, таза қанды салт мінетін жылқы секілді көптеген тұқымның қалыптасуына ықпал еткен. Ақалтеке араб жылқысымен бірге таза қанды тұқымдардың қатарына жатады. Мамандардың айтуынша, ол шамамен 5 мың жыл бойы өзге тұқымдармен будандастырылмай, бастапқы ерекшелігін сақтап келген.
Ақалтеке жылқылары сымбатты, денесінде артық май болмайды, төзімділігімен ерекшеленеді әрі салт мінуге өте қолайлы.
Бұл тұқымның мінезі де ерекше. Дөрекі қарым-қатынас пен немқұрайдылықты Ақалтеке басқа жылқыларға қарағанда ауыр қабылдайды. Сондықтан өзге де таза қанды жылқылар секілді оған ерекше күтім мен дұрыс қарым-қатынас қажет.
Ақалтекенің жүрісі ерекше әсем саналады. Желіде оның аяңдап немесе желіп келе жатқанда аяғы жерге тимей, жер үстімен қалықтап бара жатқандай әсер қалдыратыны жиі айтылады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz