Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметіндегі қиын сәттер туралы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды "Массагет".
Бұл туралы Мемлекет басшысы "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында айтты.
"Осы үш жыл тек мен үшін емес, сонымен қатар, барлық мемлекет басшысы үшін, сайып келгенде, бүкіл әлем үшін ауыр болды. Өйткені әлемдік жағдайдың турбуленттігі, COVID-тің басталуымен байланысты тұрақыздықты бастан өткердік", - деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл жылдар Қазақстан үшін "асыра айтпай-ақ" ауыр жыл болғанын атап өтті.
"Әртүрлі апат болды деуге болады. Еліміздің оңтүстігінде әскери қоймалар жарылды. Оңтүстік өңірлерді су басты. Экономикалық жағдай да қуантпады. COVID көптеген елдер сияқты, Қазақстанды да қатты есеңгіретті. Бірақ біз бұл қиын жағдайдан абыроймен шықтық деп ойлаймын. Әрине, сұрағыңызға жауап бере отырып, ең бастысы Қазақстан халқының қолдауы екенін атап өткім келеді. Онсыз, көпұлтты халқымыздың бірлігі болмаса, түпкілікті табыс нәтижесіне жету өте қиын болар еді", - деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде оған Қазақстаннан кету туралы ұсыныс жасалғанын айтқан болатын.