- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ҚМА туралы
Тоқаевқа Қазақстан, Беларусь және Ресейдің арнайы операциялары туралы баяндалды
Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жанат Элиманов ведомствоның 2024 жылы атқарған жұмысының негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттері жөнінде мәлімет берді.
2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың іс-шараларын жүзеге асыру көлеңкелі экономика деңгейін 1,3 пайызға төмендетуге мүмкіндік бергенін баяндады.
Агенттік 1312 қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтап, нәтижесінде 236,8 миллиард теңгенің залалын өтеді. Қылмыстық жолмен табылған 152,3 миллиард теңге кіріс тәркіленді.
Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 20 және трансұлттық топпен байланысты 1 сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды, 42 қаржы пирамидасы жойылды.
"Алаяқтық схемаларды жарнамалайтын 15 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталды; мессенджерлердегі 327 чат жабылды. Осылайша, 2 миллионнан аса азаматтың қаржылай шығынға ұшырауына жол берілмеді", - деп есеп берді ҚМА төрағасы.
Әлеуметтік желілердегі 41 онлайн құмар ойын алаңы, астыртын жұмыс істейтін 30 ойын залы, казино мен букмекерлік кеңсе әшкереленген. 11,7 мыңнан аса онлайн казино сайтына кіруге тосқауыл қойылған.
Агенттік қызметкерлері 120 миллиард теңге көлеміндегі негізсіз бюджет шығындарының алдын алды; заңсыз крипто алмастырушы арқылы қылмыстық кірістерді заңдастыруға ниеттенген 36 әрекеттің жолын кесті.
Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінің қаржы барлаушылары бірлесе жүргізген арнайы операцияның қорытындысы туралы есеп берді. Оның нәтижесінде үш ауқымды "наркошоп" жабылып, 35 наркодилер ұсталған.
Жалған қаржылық операциялар мен мәмілелер жасаған 1787 заңды тұлғаның қызметі тоқтатылған.
Террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаражат аударуға 1,2 мың әрекет анықталып, бұғатталған.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова