Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына холдингтің былтыр атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды. Президентке кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар берілді.
Мемлекет басшысына холдингтің 2022 жылы 350 миллиард теңге таза рекорд көрсеткіште пайда тапқаны туралы баяндалды. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен бес есе және 2021 жылғы нәтижеден үш есе көп.
Былтырдың қорытындысы бойынша құны 685 миллиард теңге болатын 238 ірі жоба мен лизинг мәмілелері қаржыландырылды. Шағын және орта бизнесті қолдау аясында сомасы шамамен 1,5 триллион теңге болатын 50,5 мың жобаға субсидия берілді.
Басқарма төрағасының мәліметіне сәйкес, агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жоспарланған 432 миллиард теңгенің орнына 522 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Сонымен қатар, Қанат Шарлапаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында жалпы құны шамамен 1,4 триллион теңге жеңілдетілген ипотека қарыз берілгені, құны 211,8 миллиард теңге болатын үлестік құрылысқа кепілдік жасалғаны, кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін әкімдіктерге 176,4 миллиард теңге бөлінгені туралы баяндады. Осылайша, қолдау шараларының нәтижесінде 2,2 миллион шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді, ипотекалық кредит беру есебінен 79 865 отбасы тұрмыстық жағдайын жақсартты.
Мемлекет басшысы бизнесті одан әрі қолдаудың маңыздылығына баса назар аударды. Сондай-ақ, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға "Бәйтерек" холдингінің белсенді атсалысуы қажет екенін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!