Тоқаев Зүлфия Сүлейменованы қабылдады

Тоқаев Зүлфия Сүлейменованы қабылдады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентінің кеңесшісі - Халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменованы қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысына Баку қаласында өткен БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-конференциясының басты қорытындылары туралы мәлімет берілді.

Президентке 3 желтоқсанда Эр-Рияд қаласында өтетін One Water Summit халықаралық іс-шарасына әзірлік барысы баяндалды. Бұл саммит Қазақстан мен Францияның төрағалығымен, сондай-ақ Дүниежүзілік банктің және Сауд Арабиясының қолдауымен ұйымдастырылады.

Президент Қазақстанның экология, су ресурстары және биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы бастамаларын сапалы іске асыруды тапсырды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова